Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Түркістандағы Зияткерлік мектеп ұжымымен кездесті

Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Түркістандағы Зияткерлік мектептің ұжымымен кездесті.

Жиын барысында мектептің әкімшілік және оқыту процесіне қатысты негізгі сұрақтар талқыланды. Сонымен бірге төраға мектептің жаңа директоры Айдын Түсіпжановты ұжыммен таныстырып, бұған дейін білім ошағын басқарып келген Балқан Қасымовтың кәсібиілігін атап өтіп, еңбегіне жоғары баға берді.

– Қамқоршылық кеңестің келісімімен Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры лауазымын Түсіпжанов Айдын Елеусізұлы атқарады. Айдын Елеусізұлы бұған дейін Өскемендегі Зияткерлік мектепте физика әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, физика пәнінің мұғалім-сарапшысы қызметін атқарып келді. Педагогика саласында 12 жылдық тәжірибесі бар. Техника ғылымдарының кандидаты, Болашақ бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен. Оқушылары халықаралық білім сайыстарында топ жарған. Осы қызметке толықтай лайық және кәсіби құзіреттілігі жетеді деп санаймын, – деді Әнуар Жанғозин.

Жиында ұйым басшысы оқушыларды бағалау кезінде қателіктерге бой алдырмай, оқыту барысында кемшіліктер жібермеуді тапсырды. Облыс орталығында мектептің іргетасы қаланған сәттен бастап, Зияткерлік мектептің ашылуы Түркістан жұртшылығы үшін білім деңгейін жоғарылатуда оң бетбұрыс болғанын да атап өтті.

Кездесуде мектеп ұжымы төрағаға тікелей сұрақтарын қойып, өздерін толғандырған мәселелерге нақты жауап алды.