Баспасөз-қызметі
Барлық сауалдың жауабы NU Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында
Наурыз кездесулері қатысушылары жасанды интеллектің шексіз мүмкіндіктерімен танысты. Жасанды интеллектің заңдары қандай? ChatGPT зағип жандарға несімен пайдалы? Толықтырылған шынайылық Альцгеймерге шалдыққан адамдарға қалай көмектесе алады? Наурыз кездесулері қатысушылары Назарбаев университетіндегі Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) қызметкерлерімен кездесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Институт директоры Атакан Варол жасанды интеллектің заңдары және принциптерімен таныстырса, PhD студенті, «Microsoft» компаниясының стипендиясын жеңіп алған алғашқы қазақ қызы Жанат Махатаева адамның есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектесетін «ExoMem» жобасы жайлы айтып берді.
— Біз «ExoMem» арқылы толықтырылған шындық пен жасанды интеллект сияқты технологияларды пайдаланып, миға түсетін салмақты жеңілдетуге болатынын көрсеттік.
ISSAI аға зерттеушісі Асқат Күздеуовтың зағип және көру қабілеті нашар адамдарға арналған ChatGPT жайлы дәрісі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
— Бұл дәріс қатты ұнады. Мен зағип жандарға арналған клавиатура жобасында жұмыс істеп жатқандықтан, пайдалы ақпарат алдым, — деп бөлісті ақтөбелік зияткер Жаннұр Әйіп.