Баспасөз-қызметі
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл NIS тәжірибесімен танысты
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жұмыстарымен танысу мақсатында NIS-те болды.
Назарбаев Зияткерлік мектептері тек академиялық жетістіктер мен олимпиадалардағы жеңістерге жетуді ғана емес, ең алдымен оқушыларға жайлы, қауіпсіз және игі орта қалыптастыруды көздейді. Бұл қызметпен балалардың әл-ауқатын арттыру департаменті айналысады.
5 жылдан бері NIS-те «Берік отбасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Кездесулерде ата-аналар баланы қалай ынталандыру керектігін, отбасында коммуникация орнатуды, баламен қарым-қатынас жасауды үйренеді.
NIS жеке тұлғаны дамытуға бағыттылған «Өз қалпыңда өзгелермен өмір сүру» элективті курсын енгізді. Сабақта балалар өз болмысын таниды, эмоцияларымен жұмыс жасайды, эмпатияны арттырады, сондай-ақ әртүрлі психологиялық жағдайларды талдап, өсу барысындағы қиындықтарды шешуге тырысады.
Жиында электрондық темекінің алдын алу тәжірибесі де ұсынылды. Бұл жерде зиянын үлкендер емес, балалар айтады. Жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші білім алушыларға олардың денсаулығы никотинге тәуелділіктен қалай зардап шегетіні туралы әңгімелейді.
Буллингке қарсы KiVa бағдарламасы да үлкен қызығушылық тудырды. Назарбаев Зияткерлік мектептері бұл бағдарламаны енгізу үшін Финляндиядағы Турку университетімен стратегиялық серіктесі болды. Бүгінде NIS-те бағдарламаны бейімдеу, материалдарды аудару және мамандарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Буллингті түбімен жою мүмкін емес екендігін бағдарлама әзірлеушілердің өздері де мойындайды. Бірақ мұндай фактілерді азайтуға болады, оны әртүрлі елдердегі KiVa қолдану тәжірибесі көрсетеді.
Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стратегиялық мақсаты озық шетелдік тәжірибені бейімдеп, оны жалпы білім беру бағдарламаларына тарату екенін атап өтті. Бүгінгі таңда балалардың әл-ауқатын арттыру мен мектептерде жайлы орта құруға байланысты маңызды мәселелер бірінші орынға шығады. Бұл бағытта NIS жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Кездесу соңында Динара Закиева NIS жұмысына жоғары баға беріп, табыс тіледі.