Баспасөз-қызметі
Бакалавриаттан тікелей докторантураға: Ақтөбедегі NIS түлегі Айви Лигасы университетінен шақыру алды
Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Олжас Есенбаев бакалавриатты аяқтап, әлемнің бірнеше жетекші университетінен бірден докторантураға шақыру алды.
Олжасқа шақыру жіберген жоғары оқу орындары қатарында Пенсильвания штаты университеті, Флорида университеті және Айви Лигасының Корнелл университеті бар.
– Мен үшін күтпеген жағдай болды, себебі осындай беделді университеттер бакалавриаттан докторантураға сирек қабылдайды. Өмірімде бір жақсы жағдай орын алса, бірден мектебім есіме түседі. NIS-те алған білімім маған әлі де жаңа мүмкіндіктер сыйлауда, – дейді ақтөбелік зияткер.
Олжас Есенбаевтың таңдауы – Нью-Йорктегі Cornell University. Бұл жоғары оқу орны Айви лигасына кіреді және әлемдегі үздік 20 университеттің қатарында тұр. Жыл сайынғы қабылдау көрсеткіші 6,9 пайызды құрайды.
Ақтөбедегі NIS түлегі биыл «Биомедициналық инженерия» бағдарламасы бойынша Кореядағы UNIST университетін «Адам факторлары инженериясы» мамандығы бойынша тереңдетіп бітірді. Олжастың болашақ мамандығы «Ақпараттық ғылымдар» деп аталады, бұл адам бойындағы күйзеліс, үрей, кейде тіпті нашақорлық белгілерінің пайда болуын алдын ала болжауға бағытталған. Бұл ретте Корнелл университеті студенттеріне ғылыми жұмыстармен айналысуға мол мүмкіндіктер ұсынады. Олжас психикалық және физикалық ауруларды тану үшін мобильді сенсорларды және машиналық оқытуды қолдануды зерттейтін зертханада оқып, ізденуді жоспарлап отыр.
Оның ізденімпаздығы мен белсенділігін, сондай-ақ бейнелеу өнеріне деген ерекше қызығушылығын мектептегі ұстаздары да еске алады:
– Олжас әлемдегі жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосу үшін бала кезінен білімге ұмтылды. Ол өзін талантты суретші және иллюстратор ретінде көрсетіп, NIS оқушысы Арайлым Сейтенова аударған қазақ тіліндегі Гарри Поттер туралы алғашқы кітапқа да суреттер салған. Олжастың комикстері мен иллюстрациялары әлі де мектеп қауымдастығының есінде. Ол салған картиналар NIS ART фестивальдерінде үздік атанып, бүгінде Зияткерлік мектептің сәнін келтіруде, – деп атап өтті Ақтөбедегі NIS директорының орынбасары Айгүл Асанова.