Баспасөз-қызметі
Бахтияр Қасымов: Наурыз кездесулерінің қатысушылары отандық IT-индустрия мен медицинаға жаңа серпіліс әкеледі
XII Наурыз кездесулерінде оқушылар ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталығының дәрігерлерімен кездесіп, роботизацияланған хирургия саласының даму тарихы туралы дәріс тыңдады.
Хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Бахтияр Қасымов болашақ өнертапқыштарды роботизацияланған хирургияның халықаралық оқу бөлімімен таныстырды.
– Мұндай форматта алғаш рет кездесу ұйымдастырып отырмыз. Сіздер отандық IT саласына жаңа серпіліс әкелетін жастарсыздар. Роботтандыруға енгізетін өзгерістеріңіз мыңдаған адамның өмірін сапасын жақсартуға септігін тигізеді деп үміттенемін, – деді Бахтияр Қасымов.
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-тен келген Ақбота Сәрсембекова робот-хирургтардың жұмысына айрықша қызығушылық танытты. Пациенттерге арналған мобильді қосымша авторы оларды робот-хирургтармен байланыстыру жолын қарастырмақ, кездесуден кейін жаңа жобаларға идея туғанын атап өтті:
– Бүгінгі экскурсия болашақта қосымшама жаңа функциялар енгізу идеясын алып келді. IT саласының болашағы бар екеніне тағы да көзім жетті, осы саланы таңдағаныма қуаныштымын.