Баспасөз-қызметі
Азияның екі жетекші университеті NIS білім беру бағдарламасы мен сертификатын мойындады
Оңтүстік Кореядағы ең көне оқу орындарының бірі Корё университеті (Korea University) және Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST) ресми түрде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate сертификатын мойындады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің маусым айында Корея Республикасына жасаған іссапарының нәтижесінде Корё университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды қадам Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Құжатқа сәйкес, Корё университеті NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін сертификатты ресми түрде мойындаумен қатар үздік түлектерге гранттар бөледі. 1905 жылы негізі қаланған Корё университеті бүгінгі таңда жаратылыстану ғылымдары, инженерия, гуманитарлық ғылымдар, бизнес және басқа да түрлі салалар бойынша бағдарламалар ұсынады.
Бұған қоса, Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST) Назарбаев Зияткерлік мектептерінің біліктілігін жоғары оқу орнының қабылдау талаптарына сәйкес деп таныды. Бұл шешім NIS түлектерінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. QS Universities Rankings рейтингінде Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST) 47-орында, ал Корё университеті 67-орында тұр.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate сертификатын мойындайтын шетелдік университеттер саны 68-ге жетті. Бұл Зияткерлік мектептер ұсынатын білім беру стандарттарының жоғары екенінің дәлелі.