Баспасөз-қызметі
Қазақстанның креативті индустриясын дамытуға Зияткерлік мектептер де үлес қосады
Бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азияның креативті индустриялары форумында NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин осылай деді. Алдағы уақытта «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ шәкірттердің шығармашылық қырын ашу, бала бойындағы талантты дамыту бағытындағы тәжірибесін орта мектептерге тарату жобасын бастайды.
Форумның «Шығармашылық индустриялар жастар үшін әлеуметтік лифт ретінде» сессиясындағы баяндамасында Әнуар Жанғозин креативті қабілеттерді ашу бойынша еліміздегі мектептерде қолданылатын оқу бағдарламалары да жоғары бағаланып отырғанын жеткізді. Бұған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулері дәлел. Ұйым түрлі дамыған мемлекеттердің бағдарламаларын саластырып, біздегі білім беру мазмұнына жоғары баға берген. Сонымен бірге ол өкілдік сарапшыларының креативті дағдыларды дамытуға қатысты нұсқаулықтарымен де бөлісті.
– ЭЫДҰ сарапшылары креативті дағдыларды дамытуда оқыту процессінде 3 негізгі бағытқа назар аудару қажет екенін айтады. Біріншіден, бұл әлеуметтік тетіктер, яғни педагогикалық методикалар және сыныптағы психологиялық жағдайға баса мән беру керек. Екіншіден, жеке қабілеттер, оқушының пәндік білімі, интеллекті, қызығушылығын басшылыққа алған жөн. Үшіншіден, жаңа білімді құру жолындағы прогресс. Мұғалімдер осы үш бағытқа аса мән берсе, оқушы бойында соғұрлым тиімді креативті қабілеттер дамиды», – деді Әнуар Қанатұлы.
Сессия барысында Зияткерлік мектептерде оқушының мінез-құлқы мен әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын анықтау тесті пилоттық режимде енгізілгені белгілі болды. Бұл бақылау Гарвард университеті мен ЭЫДҰ зерттеулері, сондай-ақ басқа халықаралық талдаулар басшылыққа алынған. Бұл оқушының қызығушылығы мен бейімін, креативті қабілеттерін анықтауға мүмкіндік береді. Әзірге сынақтан өтіп жатқан тест кейін орта мектеп оқушыларына да беріледі.
– Қазір креативті қабілеттердің маңыздылығы артып келе жатыр. Олай болса, бұл қабілеттердің дамуына қандай факторлар әсер етеді? Біріншіден, бұл психологиялық әл-ауқат. Табиғи жағынан біздің миымыздың ерекшелігі сыни пікір, жағымсыз кері байланыс немесе үрей пайда болған жағдайда амигдала деген мидың бөлігі жұмыс істей бастайды. Ал сол амигдала жұмысын бастағанда мидың шығармашылыққа жауапты аймақтары жұмысын тоқтатады. Сондықтан когнитивті емес дағдыларды тест түрінде анықтап алған жөн, – деді Әнуар Қанатұлы.
Айта кетейік, екі күнге жалғасатын «Creative Central Asia – 2023» форумы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Оңтүстік Кореяның 100-ден аса сарапшы-спикерінің басын қосып отыр. Эксперттер кино, музыка, білім беру, fashion-индустрия және IT-сектор салалары бойынша өз зерттеулері мен баяндамаларын ұсынады.