Баспасөз-қызметі
Ауыл педагогтеріне арналған «Шабыт алаңы»
Өскемендегі NIS-те ауылдық тірек мектептерді дамыту жобасы аясында №1 Марқакөл орта мектебінің басшылары мен ұстаздарына арналған тағылымдама әйгілі «Секіртпе» күйімен басталды.
Сабақтар, шеберлік сағаттар, зертханалық жұмыстар, әсіресе цифрлық білім беру ресурстары, веб-бағдарламалау, нанотехнологияларды пайдалану ауыл мұғалімдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.
Бастауыш сынып мұғалімдері үшін мектеп кітапханасының инновациялық қызметі жаңалық болды. Қосымша білім беру педагогтері «Шабыт алаңында» шығармашылық жаңалықтарымен бөлісті.
Зияткерлік мектептердегі «Шаңырақтар» жүйесі, «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобалары, жазғы іс-шаралар, робототехника, домбыра, вокал, хореография үйірмелері және басқа да оқу-тәрбие ісіндегі жетістіктері Марқакөл ұстаздарын тәнті етті.
– Мектеп жатақханасында тұратын балалардың бос уақытын тиімді өткізу әдістерін өзім үшін түртіп алдым. Үйлеріне оралған кезде сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерінде алған жаңа дағдыларымен ана-аналарын таң қалдырады деп ойлаймын, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Лаура Нұрпейісова.
Ауыл мұғалімдері өздерінің кәсіби қоржынын жаңа білім мен «BookCrossing» акциясы аясында Өскемендегі Зияткерлік мектеп кітапханасынан жинақталған кітаптармен толықтырды.