Баспасөз-қызметі
«Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» халықаралық конференциясының секциялық отырыстары өтті
Халықаралық конференцияның секциялық отырыстарында 330-ден астам мұғалім шетелдік және отандық білім беру сарапшыларымен бірге ең өзекті тақырыптарды талдауға мүмкіндік алды.
Баланың шығармашыл болу не үшін маңызды? Неге шығармашылық бағаланбайтын дағдыға айналды? Эмоционалды интелектті қалыптастырудың жолдары қандай? Заманауи білім берудің өзекті сауалдарына нақты әрі сенімді жауаптарды норвегиялық суретші-карикатуршы, дизайнер Ойстейн Кристиансен мен танымал литвалық психиатр Дарюс берді. Қатысушылар әйгілі суретшінің идеяны біріктір, көбейт, соз атауын алған үш принципі негізінде өздерін шығармашыл оқушы сезініп, практикалық тапсырмаларды орындады.
– Өнер үйреніп, шығармашылыққа ден қойған бала байқампаз болады. Бұл оған өзін және өзгені түсінуге, айналамен позитивті қарым-қатынас құруға, кез келген мәселені оңтайлы шешуіне негіз бола алады, – деді Ойстейн Кристиансен.
Командалық жұмыстағы стратегияның рөлін, мұғалімдер командасы қалайша кәсіби дағдылардың даму ортасы бола алатынын Абай облысы қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Қанапьянова айтып берді. Оның білім сапасын арттыруда командалық жұмыстың тиімділігіне арналған бағдарламасы ACQUN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтының халықаралық сертификаттау институтының мойындауына ие болған.
«Қамқор жүрек» қорының негізін қалаушылар Виктория Шарбону мен Элизабет Турнок «Қарым-қатынас және эмоционалды реттеу» баяндамасы аясында қазіргі әлем балаларының алдында тұрған қиындықтарды талқылады. Қатыгездік пен әлеуметтік теңсіздік мәселелері, жайсыз отбасы әсерінен аштыққа тап болған балаларға қолдау көрсету мен балалардың эмоцияларын шығару және зейінін арттырудағы дене белсенділігінің маңыздылығы, достық қарым-қатынас орнатудағы мұғалімдердің рөлі баяндаманың негізгі тақырыптары болды.
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы NIS-тің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің сарапшы мұғалімдері Индира Хасанова мен Гүлнар Сүлейменова «Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту үшін storytelling әдісін қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ұсынды. Мұғалімдер сторителлинг ұғымы, оны дәлелді сөйлеуде қолдану және оқушылардың оны қолдану дағдыларын дамытуға қалай үйрету керектігі туралы айтты.
– Оқытудың бұл технологиясының тиімділігін ескере отырып, мұғалім, әрине, жүйелі түрде жаттығуы керек, өйткені сторителлинг оқушылардың танымдық дағдылары мен коммуникативті құзыреттіліктерін, эмоционалды интеллектін, шығармашылық қабілеттерін және функционалдық сауаттылығын кешенді түрде дамытуды қамтамасыз етеді, – деді спикерлер.
Кембридж университетінің кұрметті профессоры Колин Маклафлин мен Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы-бас директоры Кейт Эванс «SHARE» халықаралық жобасының маңызына тоқталып, жобаның Қазақстанға енгелі бері жақсы нәтижелер беріп жатқанын атап өтті. Астана әкімдігінің әдістемелік орталығы маманы Роза Шаяханова және «SHARE» жобасының елорда мектептеріндегі үйлестірушілері Сапаргүл Мошке, Жанна Сүлейменова, Сәуле Асқарова және Сандуғаш Исмаилова оқушының сабаққа қатысу белсенділіне арнаған зерттеулерін және оның мұғалім көшбасшылығына әсерін бөлісті.
«Көшбасшылық қасиеттерді дамыту: мектеп қабырғасынан әлем деңгейіне дейін» атты секциялық отырыста NIS Alumni президенті Жанель Сабденова, Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің түлегі Томирис Төлегенова, Ақтаудағы NIS түлегі Мөлдір Бижанова, Семейдегі NIS түлегі Лаура Вайгорова табысқа жетудің басты жолы – сапалы білім екенін өздерінің жеке кейстерімен дәлелдеді.
Халықаралық Мектептер Кеңесінің атқарушы директоры Джейн Ларсон модераторлық еткен секцияда аталған ұйымның сарапшысы Грэм Рейнджер алғашқы аккредиттеуден кейінгі NIS мектептеріндегі үлкен өзгерістерді атап өтті.
Сондай-ақ секцияда Ақтөбе қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Қайырбек Буксукпаев ауыл мектептерімен алдағы жұмыс жоспары туралы айтты.