Баспасөз-қызметі
Ауыл мектебін өркендету жолында күш жұмылдыруымыз қажет
Халықаралық конференция делегаттарын «Күштерді жұмылдыру: мұғалімдер, технологиялар және ауыл қауымдастығы» панельдік дискуссиясында баяндалған ауыл мектептерінің әлеуетін көтеруге бағытталған бірегей жобалар мен батыл қадамдар ерекше шабыттандырды.
Ауылдық білім берудегі инновацияларды Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы, білім беру саласындағы сарапшы Ғабит Бекахметов, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректоры Гүлмира Қанай, «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнара Салменова жан-жақты талдады.
Осыдан төрт жыл бұрын ауыл мектебінің жаңа моделін жасау идеясы негізінде Солүстік Қазақстан облысы Петерфельд ауылындағы Қызылжар Абай мектебі қызметі жаңаша сипат алды. Қазір аталған мектеп оқушылары саны ұлғайған, мұғалімдер командасының кәсіби біліктілігі де жаңа деңгейді еңсерген.
– Ауылдың мәдени өмірі, интеллектуалды деңгейі мектеп төңірегінде қалыптасады. Сондықтан ауыл балаларына білімді сапалы әрі қолжетімді ету отандық білім беруде жауапкершілік алған әрбіріміздің миссиямызға айналуы тиіс. Абай мектебі сондай ұлы мұраттан туған жоба еді, – деді Рауан Кенжеханұлы.
«Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнара Салменова үздік жоғары оқу орындарының түлектерін ауылдық жерлерге тарту бойынша жүзеге асып жатқан бірегей жоба туралы айтып берді. Бүгінде бірнеше сатылы іріктеуден өткен отыздан астам жас маман он ауылдық мектепте табысты жұмыс істеуде. Maruf Fellows акселераторы мен Paradigm Shift консалтингтік компаниясының негізін қалаушы Ғабит Бекахметов ауыл балаларының шығармашылық және сыни ойлау дағдыларының жоғары деңгейін атап өтсе, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректоры Гүлмира Қанай аймақтардағы шағын жинақталған мектептер үшін қосарландырылған мамандарды даярлау бойынша оқу бағларламаларын таныстырды.
– Ауыл мектептері мұғалімдеріне тұрғылықты жерлерінің алшақтығына байланысты кәсіби қарым-қатынас, тәжірибе алмасу жетіспейді деп ойлаймын. Бұл бағытта онлайн ресурстарды қолдануда белсенді болу қажет, – деді спикер.
Конференция спикерлері мен қатысушылары ауылдық мектептерді өркендету жолында барлығымыз күш біріктіруіміз қажет деген ортақ пікірге келді.