Баспасөз-қызметі
Ауыл мұғалімдері отандық және шетелдік авторлардың кітаптарымен танысты
Еліміз бойынша 330-дан аса ауыл мұғалімінің басын біріктірген халықаралық ғылым-тәжірибелік конференцияда отандық және шетелдік авторлардың кітаптарының таныстырылымы өтті.
Конференция қатысушылары Кембридж университетінің құрметті профессорлары Колин Маклафлин, Лиз Винтер және Наталья Яковец редакциялаған «Mapping Educational Change in Kazakhstan» кітабының таныстырылымына қатысты. Зерттеу еңбегі қазақстандық білім беру жүйесін реформалаудың барлық кезеңдерін қамтиды.
– Бұл қазақстандық білім саласының үздік сарапшыларымен бірлескен үлкен зерттеу еңбегі, сондықтан даму мен өзгеріске дайын әр педагогтің назарына лайық. Кітапта Қазақстандағы білім беруді дамытудың маңызды кезеңі саналатын NIS жобасы тәжірибесі баяндалған. Меніңше, NIS отандық білім беру тарихында бірегей қадам жасады – оқу және зерттеу мәдениетін қалыптастырды. Сәтті реформаларды аз уақыттың ішінде енгізді. Бұл жоғары бағалануы тиіс, – деді Колин Маклафлин.
Жиын барысында сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин туындының маңызына тоқталып, барлық ұстаздарды кітаппен танысуға шақырды.
– Өкінішке орай, еліміздің орта білім беру жүйесінде зерттеулер, сәйкесінше дұрыс түсініктер жетіспейді. Сондықтан бұл кітаптың практикалық маңызы ерекше, ол әр оқырманның оқып, ой елегенін өткізіп, әрі қарай батыл қадамдар жасауына мүмкіндік береді, – деді ол.
Педагогтер Дүйшөн Шаматов пен Әйгерім Әлиасқардың «Білімге құштарлық» кітабын да ерекше ықыласпен қабыл алды. Туындыда педагогтердің күн сайынғы жұмыс процессі, қиындықтар мен негізгі проблемалар суреттелген. Оқу-ағарту саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар Дүйшөн Шаматов кітапта реформаларға көбірек тоқталғанын айтып, ұстаздар қауымының бағдарламаларды меңгеруіне уақыт беру керектігін баса айтты. Сондай-ақ мұғалімдерге кәсіби маман болу үшін ізденістің көп қажет екенін алға тартты.
– Қоғамда педагогке құрмет жоқ дейміз. Біз өзіміз кәсіби өскенде, білімімізді толықтырғанда ғана беделге ие боламыз. Кез-келген өзгерісті тезірек меңгеруге деген құштарлық болғанда ғана жұмыс жүреді. Мен өз кітабымда әріптестерге осыны түсіндіруге тырыстым. Сонымен бірге, реформалардың білім саласына қалай әсер ететінін баяндадым, – деді ол.
Сондай-ақ ағылшын тілінде жазылған тұңғыш қазақ романнының авторы Ғабит Бекахметовтің «Barsa Kelmes: The Nomads Return» кітабының да таныстырылымы өтті.
– Бұл кітап қиялға құрылған. Бұл Кенесарының денесін табу, ДНҚ алу және суррогат ананың көмегімен көшпенділердің ұлы көшбасшысын өмірге әкелу туралы қызықты фэнтези, – деді ол.
Автор түрлі елдерде болып, шалғайдағы мектептерді жиі аралағандықтан ауыл мұғалімдеріне өзге мемлекеттерде білім саласының жағдайымен танысу қызық екенін айта келе, біздегі бар проблемалардың дамыған елдерде де бар екенін айтты. Тіпті, Ұлыбританияда да мұғалімдер тапшылығы барын, бұл мәселені ол педагогтерді қысқартылған бағдарламамен оқыту арқылы шешіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғары білімі бар адам 9 айлық бағдарламадан өтіп, ұстаз болып жұмыс істей алады.
Айта кетейік, келесі айда автордың «Білім кемелері: НИШ, БИЛ, РФММ» туындысы шығады.