Баспасөз-қызметі
Атыраудағы NIS оқушылары «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» жобасы бойынша 700 мың теңге грант иеленді
Атыраудағы Зияткерлік мектеп оқушылары Дана Зарапова, Алтынай Кубайдоллаева, Нұртас Нұрым, Асылхан Шукурбаев «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» жобасының жеңімпаздары деп танылды. Шара ұйымдастырушылары – Caravan of Knowledge және Shell компаниясы. Ақтық турдың қорытындысы бойынша NIS өкілдеріне 700 мың теңге көлемінде грант табыс етілді.
«Аэропоникалық мұнара» жобасы Атырау облысының экологиялық мәселелері – егістікке қолайлы жер көлемінің аздығы мен су тапшылығына байланысты.
Зерттеу нәтижесінде атыраулық команда өсiмдiктердi топырақты қолданбай-ақ су арқылы тамырларына нәрлi затты тозаң түрінде жеткiзіп өсіруге мүмкіндік беретін әдісті ұсынды. Аэропониканың негізгі артықшылықтары – тез өсіру және жоғары өнімділік. Бұл әдіспен қарапайым пәтерлер мен зәулім ғимараттардың төбесінде салат жапырағы, ас шөптері, қияр, қызанақ, паприка, құлпынай және бұршақ сияқты 35 түрлі дақылды өсіруге болады.
Грант қаражаты мектеп қабырғасында аэропоникалық құрылғыны орнатуға мүмкіндік береді.
«NXplorers. Жасыл ұрпақ бәйгесі 2.0» сыни және шығармашылық ойлау, өзгерістерді, тәуекелдер мен сапаны басқару құралдары мен дағдыларын кеңейтуге бағытталған Shell компаниясының қолға алған жаһандық бастамасының бөлігі болып табылады. Бүгінгі таңда жобаға қатысушылар нақты практикалық мәселелерді шешу үшін жаңа білімді қолдана алады.