Astana Hub Battle 2023: NIS оқушылары үздіктер қатарында

Digital Bridge 2023 халықаралық цифрлық форумының дәстүрлі «Astana Hub Battle» технологиялық стартаптар шайқасында елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушыларынан құралған «Shabyt» командасы көрермендер көзайымы жүлдесін еншіледі.

Кәрім Камалжан, Рамадан Манабаев, Алан Негманов, Сабыржан Қадір және Жалғас Өзбекхан ең қиын және қол жетпейтін аймақтарда өртті сөндіруге қабілетті «AIDAHAR» робот өрт сөндіруші» бірегей жобасы үшін кезекті миллион теңгені жеңіп алды.

Астаналық зияткерлерге сертификатты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин табыстады.

Айта кету керек, жуырда ғана Samsung Electronics ұйымдастырған «SOLVE FOR TOMORROW» стартаперлер байқауында оқушылардың AIDAHAR өрт сөндіруші роботы үздік атанды. Жоба бірінші орынға лайық деп танылып, 4 миллион теңге көлемінде жүлдеге ие болды.