Баспасөз-қызметі
Астана Халықаралық мектебіне 10 жыл!
Елордада «Табыстың онжылдығы: жасампаздық тарихы және болашаққа бағдар» атты халықаралық конференция өтті. Білім беру саласындағы жетекші шетелдік және отандық сарапшылар әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Іс-шара NIS ISA мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Астана Халықаралық мектебінің NIS білім беру экожүйесінде ерекше орны бар. Мұнда IB бағдарламалары бойынша балабақшадан 12-сыныпқа дейін оқытудың толық циклі жүзеге асырылады. 10 жыл ішінде мектеп табысты білім беру брендіне айналды, ата-аналардың сеніміне ие болды және серіктестер тапты.
Мектептің ұстанымында «Біз, мектеп қауымдастығы ретінде әр оқушының біртұтас дамуы үшін қауіпсіз орта мен қолайлы мәдениетті қалыптастырамыз» делінген. Бұл негізінен әрбір баланың әл-ауқаты мен жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мамандар қауымдастығын қалыптастыруға ұмтылатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бүкіл желісін дамытудың негізгі бағыттарын көрсетеді.
– «Тезірек үйренген жеңеді». Біз уақыт ағымына үйлесе алмай, сұраныстан айырылып қалған Нокиа, Кодак, Блэкбари компанияларының мысалдарын білеміз. Сол себепті балалардың үздіксіз білім алуының маңызын түсінеміз, – деп атап өтті NIS ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин құттықтау сөзінде.
NIS Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Күләш Шәмшидинова оқушыларды рухани дамытудың маңызына тоқталды:
– Балаларға заман талабына сай білім беру қажет. Балаларды отансүйгіштік, адамгершілік секілді қасиеттерге баулу маңызды. Мектептің іргетасы берік қаланғаны себепті, әрі қарай дами түсетініне сенімім мол.
Мектепке түсуге сұраныстың жыл сайын артып келе жатқаны білім ордасының табысты екенін көрсетеді. Онжылдықтағы маңызды жетістіктердің ішінде мектеп директоры Айдар Булатов былтырғы алғашқы түлектерді ұшыруы, кәсіби мамандардан құрылған ұжымды, оқу орны қабырғасында қалыптасқан бақыт пен ізгі ниет атмосферасын атап өтті.
Бұл аураны көптеген қонақтар, халықаралық конференцияға қатысушылар да сезінді, олар сыни ойлау мен эмпатияны дамыту, инклюзивті оқыту үшін қауіпсіз орта құру, бағалауды зерттеу, тарих және география сабақтарын өскелең ұрпақ бойында рухани құндылықтарды дамытуда интеграциялау сияқты өзекті тақырыптардың жаңа шешімдерімен танысты.