Баспасөз-қызметі
Қарағандылық зияткерлер Жас геологтардың республикалық далалық олимпиадасының қола жүлдегерлері атанды
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жас геологтардың республикалық далалық олимпиадасында ІІІ орынға ие болды.
Қонаев қаласында Жас геологтардың І республикалық далалық олимпиадасы аяқталды. 9-11 сынып оқушыларынан тұрған 16 команда палеонтология, гидрология, радиометрия, минералогия мен петрография және пайдалы қазбалар геологиясы пәндерінен бақ сынасты. Қазақстанның барлық өңірінен жиналған 200 бала жеңімпаз атағына таласты.
Палеонтология бойынша жеке және командалық сынақтардың нәтижелері бойынша І орынды 8-сынып оқушысы Диас Аманжол иеленді. Зияткер геологиялық олимпиада тарихындағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға грант алған ең жас геолог деп танылды. Қазір ол 14 жаста.
– Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Командамен бірлесіп өзіміздің мықты жақтарымызды анықтай алдық. ҚБТУ грантын жеңіп алғанымды білгенде қатты таң қалдым. Мен де, ата-анам да бұл мүмкіндікке өте қуаныштымыз», – деп бөлісті Диас.
«Далалық маршрут» санатында Камила Тазабекова, Алдияр Мубарекшенов пен Артур Штро ІІ орынды еншіледі. Қауіпсіздік техникасының негіздері бойынша Ева Дмитриева, Асия Исламярова мен Арнелла Төлеген ІІ орынды иеленді. «Түпшаймалық сынамалау» бойынша Ақылбек Жұмаш 5-орын алды.
Ғылыми және шығармашылық байқауларда «Геология және Біз» көрмесі үшін «Сарыарқа» командасы 2-орыннан көрінді. «Геологиялық ескерткіш» санатында Ева Дмитриева мен Камила Тазабекова ІІ орынға ие болса, Асия Исламярова мен Арнелла Төлеген геологиялық есеп бойынша ІІ орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар Асия Исламяроваға фотобайқаудың ІІ орны, ал Ева Дмитриеваға тастан жасалған бұйымдар үшін ІІІ орын бұйырды.
Жалпы командалық есепте «Сарыарқа» командасы қола жүлдегер атанды. Команда жаттықтырушысы – география пәнінің мұғалімі Жанар Бәйметова.
– Олимпиада 7 күнге созылды, әр күн ерекше әрі қызықты өтті. Біздің әрқайсымызға жүктелген жарыстарға қатысып, мол тәжірибе жинақтаумен қатар білімімізді тексере алдық. Жанар Рахматулқызының басшылығымен бірліктің, сенім мен табандылықтың арқасында қола жүлдеге ие болдық. Бұл тек бастамасы деп санаймын, әрі қарай өз машықтарымызды жетілдіруге бар күшімізді салатын боламыз, – деп бөлісті команда капитаны Камила Тазабекова.