Баспасөз-қызметі
Қарағандыдағы NIS өз түлектерін мақтан тұтады
Әліби Келісбеков (University of Debreen), Жания Смағұлова (UNIST), Әлішер Әзімбаев (Yonsei University), Ақмарал Дайрабай (Nazarbayev University), Кристина Лобчук (Қарағандыдағы медициналық университет) және өзге де қазақстандық, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының үздік студенттері «SAMGAU» форумында Қарағандыдағы NIS түлектері атынан сөз сөйледі.
– Біз әрқайсыңыздың жетістіктеріңізді естігенде ерекше қуанамыз. Кім болсаңыздар да, қай жерде жүрсеңіздер де, сіздерді жақсы көретін, күтетін, мақтан тұтатын «NIS Қарағанды» деген үлкен отбасыларыңыз бар екенін ұмытпаңыздар, – деп мектеп директоры Равиль Якупов жалынды сөздермен форум қатысушыларын қарсы алды.
Қарағандыдағы Зияткерлік мектепті әр жылдары аяқтаған 60-тан астам түлек сүйікті NIS-те мұғалімдері және ізбасарларымен кездесті. Шара барысында студенттер жетістіктерімен бөлісіп, панельдік сессияларға қатысты, сонымен қатар ғылыми-зерттеу, білім беру, әлеуметтік, IT және басқа да жобаларымен танысты. Спикерлердің әрқайсысы өз сөзінде түлектер қауымдастығы ұйымдастырған форумның негізгі идеясын қолдады – «EdGiving Alumni NIS: оқушыларға білім мен тәжірибе алмасу үшін мектепке оралу».
– Менің ойымша, бұл оқушылар үшін де, мектеп түлектері үшін де тамаша мүмкіндік. Аяулы мектебімізге келіп, мұғалімдермен және басқа түлектермен кездескенімізге, әсіресе, мектепті карантин жағдайында бітірген 2020 жылғы түлек ретінде қуанамын. Балалар көптеген сұрақ қойды, олармен пікір алмасқаныма қуаныштымын, – деп бөлісті 2020 жылғы түлек Жания Смағұлова.
– Мен осы мектепте оқығанымды мақтан етемін, мұғалімдерге бізге берген білім, машықтар мен тәжірибе үшін алғыс айтамын. Өмірімде мектеп туралы ең жақсы естеліктер қалғаны сөзсіз, – дейді 2016 жылғы түлек Гарри Дасаев.
Қазіргі уақытта Қарағандыдағы NIS-ті мыңға жуық зияткер аяқтады, олардың көпшілігі Қазақстан, АҚШ, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Венгрия, Италия, Германия және т.б. елдердегі ірі университеттерде білім алуда.