Баспасөз-қызметі
Қарағандыдағы NIS түлегі Анна Лазарева Шанхай Цзяотун университетіне оқуға түсті
Қарағандыдағы NIS түлегі Анна Лазарева Shanghai Jiao Tong University-ге (SJTU) Инженерлік кластер бағдарламасы бойынша оқуға түсті. SJTU – Қытайдағы ең көне әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі, сондай-ақ елдегі үздік бес және әлемдегі топ-100 университеттің қатарында.
– Маған оқу мен сақтандыруды толық және тұрғын үй ақысын ішінара өтеп беретін стипендия ұсынылды. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді, алайда қытай тілін меңгеру – барлық студент үшін міндет. Менің ойымша, тағы бір шет тілін білу пайда әкелмесе, зиян келтірмейді, – дейді ол.
Анна SJTU-де механикалық инженерия саласын оқуды жоспарлап отыр. Университеттің басты артықшылығы – студенттер мамандықты бірінші немесе екінші курстан кейін таңдау мүмкіндігіне ие.
– NIS-те білім алу маған үздік университетке түсуге жол ашты. 11-сыныпта FLEX бағдарламасы бойынша оқып, біраз тәжірибе жинадым. Сондай-ақ ата-анама да ерекше алғысымды білдіремін. Анам маған ағылшын тілін үйретсе, әкем қиындықтарға мойымай, мақсаттарға жетуге талпыныс берді, – дейді қарағандылық зияткер.
Шанхай көлік коммуникациялар университеті (Цзяотун) жоғары сапалы мамандандырылған білімі бар білікті оқытушылық құрамға ие. Жүзден аса танымал ғылым қайраткерлері, соның ішінде Нобель сыйлығының үш лауреаты университеттің ғылыми кеңесшілері қызметін атқарады.
Бүгінде жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер саны 100 мыңнан асты, олардың қатардында Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь бар.
Аннаның оқуға түсуі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының осы университетпен SJTU Global Elite Program аясындағы ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты. Бағдарлама бойынша 20-астам талапкер өтініш білдірсе, Анна бірінші дәрежелі грант иегері атанды.