Баспасөз-қызметі
Қанат Баймуминов: Әр олимпиадада қуаныш сыйлайтын толқу бар
Желілік олимпиадада NIS Халықаралық Бакалавриат мектебі атынан Аида Давлетова қатысуда, ол – лингвистикадан беделді IOL-2022 олимпиадасының қола жүлдегері:
– Менің олимпиадалық қозғалыста үлкен тәжірибем болғандықтан, аса уайымым жоқ және өзіме сенімдімін. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп оқып қана қоймай, зерттегің келетін пәнді шын жүрекпен түсіну керек.
– Балалардың әрқайсысының тың жаңалық ашуы әлі алда, мүмкін араларында тарихта қалатындары да бар, – деп атап өтті директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбішева.
– Олимпиадаға қатысу үшін бірнеше ай бойы жүйелі дайындық жүргіздім және бәсекелестіктің жоғары екендігін ескере отырып, жақсы нәтижемен республикалық бәйгеге өтемін деп сенімін, – дейді Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Артур Николаенко.
Желілік олимпиадада алғаш рет бағын сынап жатқандар да аз емес.
– Бұл білім бәйгесіне бірінші рет қатысып жатырмын, мен үшін тапсырмалар аса күрделі болған жоқ, қызықты есептер де кездесті. Осы кезеңнен өтсем, республикалық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік аламын, – деп бөлісті Бекасыл Елубай.
Ақтөбе қаласындағы Зияткерлік мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Аян Алтай да желілік олимпиадада дебют жасады:
– Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Химия пәнінен дайындықты жазда бастап кеткендіктен, жарыс нәтижелері маған өте маңызды. Егер де орын алсам, еңбегімнің ақталғаны деп білемін. 9-сыныптың барлық бағдарламасын қамтыдық, қиын тұстары болғанын жасырмаймын.
– Математика тапсырмалары өте қарапайым деңгейден жан-жақты және мұқият қаралған шешімдерді талап ететін дәрежеге жетеді. Бұл есептерді шешу бізге баға жетпес тәжірибе және болашақ мамандыққа бағыт-бағдар береді. Пән немесе бағыт таңдауымыз өмір жолын табуымызды жеңілдетеді, – дейді 11-сынып оқушысы Даут Нұрланов.
Ақтаудағы NIS оқушысы Санжар Жакубов – өткен жылғы химия пәні бойынша республикалық пәндік олимпиаданың қола жүлдегері:
– Желілік кезең сәтті өтті, жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Өткен жылмен салыстырсақ, тапсырмалар сәл күрделі болды, алайда қолымнан келгенше тырыстым.
Математика пәнінен білімін сынаған 10-сынып оқушысы Дамир Нұрланов тапсырмалардың өте қызықты болғанын ерекше атап өтті:
– Олимпиадаға дайындықты мектепішілік кезеңнен кейін бастап кеттім, сондықтан жақсы тапсырдым деген ойдамын. Олимпиадаға қатысудың бір пайдасы өткен жылғы нәтижеңді, деңгейіңді салыстырып, оны жақсартуға мүмкіндік аласың.
Өткен жылы Дамир математикадан республикалық пәндік олимпиадада екінші орын алды.
Олимпиада дебютанты, 9-сынып оқушысы Исатай-Матвей Веренцовтың таңдауы биологияға түсті:
– Желілік кезең мен ойлағаннан әлде қайда қиындау болды. Алғаш рет қатысып жатқан соң қобалжу бар, бірақ жетекшілердің және жақсы дайындықтың арқасында нәтиже де жоғары болады деп үміттенемін. Жалпы биология барлық ғылымды қамти алатындықтан, осы пәннен қатысу маған ерекше тәжірибе берді.
Атыраудағы Зияткерлік мектеп оқушысы Ақбота Досан биология пәнінен желілік олимпиадаға биыл үшінші рет қатысып жатыр:
– Сұрақтардың жыл сайын өзгеруі – заңдылық. Осы жолғы тапсырмалар өте қызықты болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша деңгейім былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғарылағанын байқадым.
12-сынып оқушысы Ғалымжан Аяпберген болашақта компьютерлік бағдарлама жасаудың маманы болғысы келеді:
– Мен осы жылы екінші рет қатысып тұрмын. Биылғы олимпиада қиын болмады, себебі тәжірибем бар. Өзімнің салама деген қызығушылығым осы жарыстың арқасында келді. Бұл менің мектептегі соңғы олимпиадам, білім сайысы NIS өміріндегі ең қызықты сәт болып есімде қалады.
Қарағандыдағы Зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Нұрасыл Құнанбаев желілік олимпиадада алғаш рет білімін сынайды, химия пәнін таңдап отыр:
– Түрлі кітаптарды оқып, эксперменттер жасағанды ұнатамын. Осы жолғы олимпиададан көп тәжірибе алдым.
Камила Тазабекова Нұрасылдың пікірімен келіседі:
– Мұндай деңгейдегі олимпиадаға алғаш қатысуым. Мектебімнің намысын қорғап жатқаныма өте қуаныштымын.
Көкшетаудағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Әсел Жиенғалиева, 2021-2022 оқу жылындағы желілік олимпиадада күміс жүлде иеленген ол биыл жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Қызылордадағы NIS құрама командасы атынан олимпиадада өнер көрсеткен Ілияс Бөрібай Зияткерлік мектептердің ең мықты химиктерімен жүлделі орындар үшін таласты:
– Мұндай байқаулар ғылымға деген қызығушылықты арттырады. Химия өзінің алуантүрлілігімен ұнайды. Бір атомның орнын алмастыру арқылы заттың қасиеті өзгере шығатын құбылыстарды зерттеу қызық.
Павлодардағы Зияткерлік мектеп оқушысы Ғалымжан Жанғазы пәндік жарысқа жыл сайын қатысады:
– Олимпиада қашықтан өтсе де, бәсекелестік рухы сезіледі. Тапсырмалар қызықты болды, ұйымдастыру жоғары деңгейде. Мектептің информатика командасының жақсы нәтиже көрсеткеніне де өте қуаныштымын.
Биыл Петропавл қаласындағы NIS қатысушыларының құрамы жаңартылды, тәжірибелі олимпиадашыларға алғаш рет өз білімдерін тексеруге бел буған балалар қосылды.
Республикалық Президенттік олимпиаданың жеңімпазы Аңсар Тілепбергенов бұл жолы өзін химия пәнінен сынайды:
– Мен олимпиадаларға өзімнің білім деңгейімді бағалап, басқа мектеп оқушыларымен бәсекелесу және мектебімнің намысын қорғау үшін үнемі қатысамын. Тапсырмалар жыл сайын жаңарып отырады. Сондықтан олимпиадаға мықты дайындық қажет.
Оралдағы NIS оқушысы Рейчел Жоламан көптеген сауалдарға жауапты химия пәнінен табуға болатынын 7-сыныпта түсінген. «Туймаада – 2022» халықаралық олимпиадасының қола жүлдесі – жас химиктің қазіргі таңдағы ең ірі жетістігі. Рейчелдің пікірінше, олимпиадаға дайындық кезінде бастысы – нәтижеге тез қол жеткіземін деу қате, әйтпесе мотивацияны жоғалтып алуға болады:
– Маған қазір биохимиялық синтез, органикалық химия бағыттары қызық. Болашақта мамандығымды осы саламен байланысады деп жоспарлап жүрмін.
Республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанып жүрген Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Ертай Маман география көкжиекті кеңейтуге көмектесетін ең мықты пәндердің бірі дейді.
Ал бірнеше айдан соң түлек атанғалы жүрген Нұрзат Баратбек бұған дейін геология ғылымы бойынша өткен IESO-2022 конкурсында алтын иеленген. Бұл жеңісін желілік олимпиадада қайталауды мақсат тұтып отыр.
– Әлемді зерттеу, дүние жүзінде болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарды тану маған бала күнімнен ұнайды.
Ал Айбек Ынтықбайтың математика пәніне деген сүйіспеншілігін 3 жасында атасы байқаған. Ол бесінші сыныптан бері республикалық олимпиада жеңімпазы болып жүргендіктен NIS-тің желілік сайысы оның бұл қабілетін дәлелдеудің тағы бір мүмкіндігі:
– Математика – менің өмірім болса, олимпиадаға қатысуы мен үшін дәстүрге айналған. Ал жақсы нәтиже көрсету – менің қабілетті екенімнің дәйегі.
Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS оқушысы олимпиадаға Қанат Баймуминов дайындықты 8-сыныпта қолға алған, бүгінде химиядан өзінің білімін шыңдап келеді. Үш жыл ішінде Қанат республикалық пәндік олимпиада мен «Туймаада» халықаралық байқауының күміс медальдарын иеленіп үлгерді:
– Қазіргі таңда химияның талай қызықтарын байқадым және шексіз әлемін сезіндім деп сеніммен айта аламын, бірақ мойындау керек, әр олимпиадада қуаныш сыйлайтын қобалжу болады.