Баспасөз-қызметі
Алматылық NIS оқушылары аутизмге шалдыққан балаларға арналған қосымша жасады
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары аутизммен ауыратын науқастардың эмоционалды интеллектісін дамытуға арналған «Drive Beyond» қосымшасын жасады. Жоба «Samsung Solve for Tomorrow» байқауының республикалық кезеңінде үшінші орын алды.
Аталмыш қосымша қазірдің өзінде білім беру орталықтарында қолданылып келеді. Әсіресе 5-13 жас аралығындағы балалар арасында оң нәтиже көрсетуде.
«Samsung Solve for Tomorrow» байқауы Қазақстанда үшінші жыл өткізіліп келеді. Сайыста NIS командасы 9 финалист арасында үшінші орынға ие болды. Байқауға 5000-нан аса үміткер қатысты.
Зияткерлердің бұл өнертабысы аутизм спектрі бұзылған адамдардың эмоцияларын білдіруі мен шығаруына септігін тигізеді. Бағасы 10 000 теңге тұратын қосымша науқастың эмоциясын жасанды интеллект көмегімен көрсетуіне мүмкіндік береді.
Команда мүшесі Әлихан Сирғалиевтің айтуынша, қосымша жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
– Біз әр адам осы технологияға қол жеткізуге және эмоционалды дағдыларын дамытуға лайық деп санаймыз, - деді ол.
Ал команда тәлімгері әрі физика пәнінің оқытушысы Дэниел Комбер-Тодд мектеп оқушыларының жұмысы таңғарлық дүние екенін жеткізді.
– Мен команданың осы мәселені шешу міндетін қалай іске асырғанына және әлеуетті пайдаланушылармен белсенді қарым-қатынас жасағанына таң қалдым. Бұл қосымша NIS оқушыларының интеллектуалды қабілеттерін әлемге оң әсер етуге арнайтынының тағы бір дәлелі, – деді.
Команда алдағы уақытта қосымшаны одан әрі дамытуға күш салады. Әсіресе, емдеу орталықтары үшін диагностикалық мүмкіндіктерді қосуды және оны басқа да білім беру мекемелерінде кеңінен пайдалануға ұсынуды жоспарлап отыр.