Баспасөз-қызметі
Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Рахима Нөкен америкалық университетте тағылымдамадан өтеді
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Рахима Нөкен Tech Girls бағдарламасының финалисі атанып, АҚШ-тағы Вирджиния политехникалық университетінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.
Рахима жобасы ауыл мектебінің оқушыларына бағдарламалау тілін үйретуге бағытталған. Зияткерлік мектепке түскелі волонтерлер қатарына қосылып, көмекке мұқтаж жандарға арналған 20-дан астам жоба жасаған. Сондай-ақ ол – түрлі хакатондар мен IT конкурстардың жеңімпазы, болашағын да ақпараттық технологиялар саласымен байланыстыруды мақсат етіп отыр.
– Мен Tech Girls туралы мектептегі кәсіби бағдар беру маманы Айнур Нұрланқызынан білдім. Жобамды ұсынып, тағылымдамаға жолдама алғаныма қуанамын. Ендігі мақсатым – «IT қыздарға арналмаған» деген түсініктің стереотип екенін дәлелдегім келеді, – дейді Рахима.
Айта кетейік, TechGirls – Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадан келген қыз балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және практикалық дағдыларды дамыту арқылы ғылым мен технология саласында мансап құруға деген ұмтылысын қолдауға бағытталған халықаралық жазғы алмасу бағдарламасы.