Баспасөз-қызметі
Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Ерсұлтан Пітебай Массачусетс технологиялық институтының грантына ие болды
Бүгін оңтүстік астанадан Наурыз кездесулері қатысушыларын шабыттандырған қуанышты хабар жетті.
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ерсұлтан Пітебай MIT-ге (Massachusetts Institute of Technology – Массачусетс технологиялық институты) шақырту алды.
– MIT-ге түскенім ата-анамның, достарымның, мұғалімдерім мен түрлі байқаулардың ықпалы және мектеп қабырғасында қалыптасқан ғылымға деген ерекше ықыласымның нәтижесі деп ойлаймын. MIT-ге түскеніме өте қуаныштымын, оқу орнында физиканы терең меңгерсем деймін, – деп жоспарын бөлісті Ерсұлтан.
Ерсұлтан Пітебай Массачусетс технологиялық институтының студенті атанатын Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-тің алғашқы түлегі. Ерсұлтан физика бойынша өткен көптеген отандық және халықаралық олимпиадаларының жеңімпазы мен жүлдегері ретінде танымал. Зияткердің медаль қорында IOAA астрофизика және астрономия бойынша халықаралық олимпиаданың қос алтыны, Жәутіков олимпиадасының алтыны, физикадан IphO халықаралық олимпиадасының қос күмісі және басқа да беделді марапаттар бар.
Массачусетс технологиялық институты бүгінде QS World University Rankings рейтингінде абсолютті көшбасшы әрі он бірінші жыл қатарынан әлемдегі ең үздік университет ретінде танылған оқу орны саналады.
АҚШ-тың аттас штатында орналасқан Массачусетс технологиялық институты робототехника мен жасанды интеллектіні, ақпараттық технологияларды, физика мен химияны және математиканы зерттеуге маманданған. Сонымен қатар менеджмент, экономика, лингвистика, саясаттану және философия салаларындағы мықты академиялық білім беретін оқу орны ретінде танымал.