Баспасөз-қызметі
Алан Руби: 400 білім министрімен жұмыс істеген мен үшін Күләш Ноғатайқызы – ең үздігі
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы құттықтады
Бүгін Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы мерейтойымен құттықтады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді, онда мемлекет басшысы Күләш Шәмшидиноваға отандық білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев премьер-министр Әлихан Смайыловтың құттықтауын да жеткізді.
Ғани Бейсембаев Күләш Шәмшидиноваға оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстап, ел мұғалімдері алдында Күләш Ноғатайқызы ұстаздық пен білімге деген адалдықтың символы екенін мойындады.
Назарбаев Университеті президенті, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шигео Катсу өз сөзінде NIS жүйесі мен оны құрудағы Күләш Ноғатайқызының миссиясын еске алды. Қамқоршылық кеңесі мүшелері – Кембридж университетінің профессоры Колин Маклафлин мен Пенсильвания университетінің аға ғылыми қызметкері Алан Руби, сондай-ақ Еуропа және Азия елдері бойынша Cambridge University Press & Assessment бөлімшесінің басшысы Стив Кинг Зияткерлік мектептер және Қазақстанмен қалай танысқандарын, Кембридж университетімен бірлескен жобалардың қалайша жүзеге асқанын, Күләш Ноғатайқызының сенімі мен кәсібилігі стратегиялық серіктестерді бірінші күннен-ақ табысты ынтымақтастыққа алып келгенін айтып берді.
– 400 білім министрімен жұмыс істеген мен үшін Күләш Ноғатайқызы – ең үздігі, – деп мойындады Алан Руби.
Құттықтаулар легіне Күләш Ноғатайқызының достары мен әріптестері – Ұлыбританиядан Лондон университетінің философия докторы Дэвид Бриджес пен Финляндияның EduCluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш қашықтан қосылды.
Күләш Шәмшидинова туралы жылы сөздер мен оның кәсіби жетістіктерін мойындау Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, вице-премьер Алтай Көлгіновтің, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның, Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі (министр) Бақыт Сұлтановтан, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Әзірбайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаевтың, Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжановтың, Ақтөбе және Түркістан облыстары әкімдері Ералы Тоғжанов және Дархан Сатыбалды, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік білім беру ұйымдарының көптеген өкілдерінің құттықтау сөздерінде айтылды.
«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев NIS-пен серіктестікте қолға алынған «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасының сәтті іске асуын Күләш Ноғатайқызының кәсібилігін және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға деген ұмтылысын айқындағанын баса айтты.
Белгілі журналист Дана Нұржігіт Күләш Ноғатайқызына қатысты шабытқа толы оқиғалармен бөлісcе, «Bilimkana» қоғамдық қорының негізін қалаушы Толонду Тойчибаев Қырғызстандағы білім саласын дамытуға шақырды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Светлана Испусинова, Қарағандыдағы NIS директоры Равиль Якупов, елордадағы Халықаралық бакалавриат мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасов, жүйедегі жалғыз мұғалім-шебер, Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мектептің математика пәні мұғалімі Сергей Полянских, Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің қосымша білім беру педагогі Айтжан Тоқтаған Күләш Ноғатайқызын NIS-тің мыңдаған қызметкерінің атынан құттықтап, құрметті мұғалім-шебер төсбелгісін тапсырды.
Білім беру саласындағы үздік басшыларды біріктірген шығармашылық ұжым атағындағы NIS директорлары хоры мерейтой қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
Креативті әрі ерекше құттықтаулар NIS-тің Педагогикалық шеберлік, Педагогикалық өлшеулер, Білім беру бағдарламалары және Ақпараттық технологиялар мен қызмет көрсету орталықтары тарапынан әзірленді.
Зияткерлік мектептер түлектері – Назарбаев Университетінің студенті, «Alumni NIS» президенті Жанель Сабденованың, Зияткерлік мектептердің бірінші бітірушілерінің өкілі, Embry-Riddle Aeronautical University-дің Қазақстаннан шыққан алғашқы түлегі, бүгінде отандық «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының қызметкері Бекет Төлегеновтің, АҚШ-тың қырық төртінші президенті Барак Обаманың қолы қойылған диплом иегері Әсия Өтжанованың, беделді британдық жоғары оқу орындарын тәмәмдаған Ерлан Қайроллаевтың алғыс-сөздері шарадағы ең әсерлі сәттердің біріне айналды.
Бүгінде Назарбаев Университетінде білімін жалғастырып жатқан Зияткерлік мектептер түлектерінің домбыра оркестрінің әйгілі «Адай» және «Балбырауын» күйлерін күмбірлете ойнауы салтанатты жиынның басты оқиғасы болды. Олардың барлығы NIS-ке оқуға түскен сәттен бастап домбыраны жандарына серік етті.
Мереке қазақстандық және әлемдік білім беру саласындағы аңыз адам – Күләш Шәмшидиновамен бір ұжымда жұмыс істеу бақыты бұйырған жандар мен NIS шаңырағын біріктірген, рух пен жігер сыйлаған кеш болды.