Баспасөз-қызметі
Айдос Есмағамбетов: Арманға биік қол соз
– Менің өнерге деген талпынысым бала кезімнен басталды, – деп белгілі мүсінші Айдос Есмағамбетов елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің жатақханасында өткен кездесуде алғысөз алды:
– Әкем Әкімғали мен анам Сәуле – өте талантты жандар. Әкем сурет салып, мүсін жасаумен әуестенсе, анам домбырадан сабақ береді, кесте тоқып, тігін тіккенді ұнатады.
Ата-анасының өнерге деген сүйіспеншілігі талапты жасқа өмірде сүйіп айналысатын кәсібін табуға ықпал етті. Силикон мен балауыздан мүсін жасау идеясы Мадам Тюссо мұражайы туралы репортажды көргесін туындаған. Содан кейін ол өзіне «Неге Қазақстанның белгілі тұлғаларының бейнесін жасап көрмеске?» деген сауал қояды. Бүгінде Айдостың жеке галереясында Абылай хан, Абай, Роза Бағланова, Головкин мен Димаштың және басқа да көптеген танымал тұлғалардың мүсіндері бар.
Айдос Әкімғалұлы оқушыларды гиперреализм жанрымен жақынырақ таныстыру үшін кездесуге Абайдың мүсінін алып келді. Шебер бұл туындыны 1896 жылы Семейде түсірілген Абайдың фотосуретіне қарап жасаған.
Шығармашылық даму мен болашаққа жоспарлар, танымал көрмелерде ұсынылған үздік жұмыстар – дарынды мүсінші мектеп оқушыларының барлық сұрақтарына жауап берді:
– Елімізді дамытып, көркейтуге белсене атсалысайық. Ешқашан ерінбеңіздер, сабақты жақсы оқып, жаңашылдыққа ұмтылыңыздар, арманға биік қол созыңыздар. Сонда ғана елімізді дамыған мемлекетке айналдыра аламыз.
«Өнегелі адамдардың өмірі» – елордадағы физика-математика бағытындағы NIS жатақханасындағы танымал шығармашылық жобалардың бірі.