Баспасөз-қызметі
Аида Ағаділ: Тәрбие жұмысы бойынша вебинарлар педагогтердің кәсіби дамуы үшін жаңа алаңға айналды
Аида Ағаділ: Тәрбие жұмысы бойынша вебинарлар педагогтердің кәсіби дамуы үшін жаңа алаңға айналды
NIS-тің тәрбие жұмысындағы ең өзекті басымдықтарды директорлардың орынбасарлары, кураторлар, қосымша білім беру педагогтері, кітапханашылар, жатақхана тәрбиешілері талдады.
Вебинарлардың кең ауқымды марафоны бүгінгі таңдағы ең танымал бағыттардың бірі – балалар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға арналып, отбасы мен мектеп арасындағы табысты ынтымақтастық орнатудың маңызын айқындаудан басталды. Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова бірыңғай тәрбие кеңістігін ұйымдастыру, Астана халықаралық мектебі директорының орынбасары Акбар Тусупбаев ата-аналар комитетін трансформациялау, Тараз қаласындағы NIS директорының орынбасары Айша Жолдасбекова «Отбасы – бала айнасы» жобасы аясында тәжірибелерімен бөлісті. Қызылорда және Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS директорларының орынбасарлары Ләззат Абдраимова мен Гаухар Кудайкулова ұсынған әкелер кеңесімен ынтымақтастық тақырыбы вебинар қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды.
Ақтөбе, Семей және елордадағы физика-математика бағытындағы NIS директорларының орынбасарлары Жанна Имжарова, Назым Адаспаева және Ардақ Нурушева әріптестерінің назарын оқушылардың жобалық жұмыстарына, оның ішінде қоғамға қызмет етуге бағытталған бірқатар жобаларға аударды.
Қарағанды, Талдықорған және Қостанайдағы NIS директорларының орынбасарлары Жұлдыз Биманова, Роза Битаева, Амир Ажмухамбетов оқушылардың құндылық бағдарларын қалыптастыратын Зияткерлік мектептердегі волонтерлік қызметпен, соның ішінде гранттық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жұмыстарымен таныстырды.
Қаңтар айындағы соңғы вебинарда педагогтер Атырау, Өскемен және Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS директорларының орынбасарлары Раушан Идрисова, Гүлшат Мұхтарханова және Ерболат Ниятбайдың білім ошақтарында қолайлы микроклимат қалыптастыру мен қауіпсіздік қызметін ұйымдастыруға, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің миссиялары мен стратегияларына арналған үздік кейстерін талқылады.
NIS Talks-ті тиімді ұйымдастыру және үлкен үзіліс кезінде тәрбие жобаларын іске асыру, hard және soft skills-ті дамыту туралы тақырыптарды Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS, Түркістан және Көкшетау қалаларындағы Зияткерлік мектептер директорларының орынбасарлары Абылай Құлтай, Мира Бейсенова және Ерболат Едрисов талқыға салды.
Кураторлық қызметтің жүйелі және табысты ұйымдастырылуын Ақтау және Петропавлдағы NIS директорларының орынбасарлары Айбар Мурзабеков пен Сәулет Мұқанова тарқатты.
Тәрбие және оқу жұмысын интеграциялау, «NIS радио» және «Қазақ театры» жобалары арқылы білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, жобалық жұмыс арқылы мектеп құндылықтарын қалыптастыру туралы NIS халықаралық бакалавриат, Павлодар және Орал қалаларындағы Зияткерлік мектептер директорларының орынбасарлары Мағрипа Алтайбекова, Арслан Көпеев, Эльвира Айдыналиева сөз сөйледі.
Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ вебинарлардың басты нәтижесі ретінде тәрбие жұмысына маманданған педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған жаңа табысты платформаның құрылуын атады.