2023 жылғы «Туймаада» олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қоржыны «Туймаада» олимпиадасының жаңа жүлделерімен толықты. Биыл NIS-тің жас математиктері, химиктері мен информатиктері 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль еншіледі.

Химия пәнінен Қарағандыдағы NIS оқушысы Нұрасыл Құнанбаев пен ақтаулық зияткер Санжар Жакубов жеңімпаздар деп танылса, Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тен Еңлік Бақытбекова қола медаль иеленді.

Информатикадан Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Олжас Мусалимов халықаралық олимпиаданың алтынын жеңіп алса, дәл осы оқу ордасының өкілі Әмір Нұриев және талдықорғандық NIS-тен Нұрсұлтан Ерланұлы күміс жүлделерге қол жеткізді.

Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Арсен Нәрік күміс медаль иегері атанса, қола жүлделер оңтүстік астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Эльдар Үсенов және Талдықорғандағы NIS оқушысы Әмір Әбділдинге бұйырды.

Дәстүрлі «Туймаада» халықаралық олимпиадасы – математика, химия және информатика пәндерінен жоғары сынып оқушылары арасында өтетін беделді білім бәйгесі. Биыл онлайн форматта ұйымдастырылған байқауға Қазақстан, Ресей, Румыния, Сингапур және Индонезияның 215 оқушысы қатысты.