Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылы 11 тамызда салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшитдинова, сондай-ақ, белгілі ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, педагогтер, оқушылар, ата-аналар қатысты.

Алматы қаласындағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев Зияткерлік мектебі қала бойынша екінші мектеп болса, республика бойынша он тоығызыншы мектеп болып отыр.

Оқушылар үшін ең соңғы үлгімен жабдықталған мектеп кабинеттері, нано-био-технологиялар зертханалар, оқушылардың шығармашылық және ғылыми дағдыларын жетілдіруге арналған мектеп телестудиясы жұмыс істейді. Оқушылар әр түрлі бағыттағы техникалық үйірмелер жүргізілетін технотория зертханасына ерекше қызығушылық танытады.

Зияткерлік мектеп – Қазақстандағы ең ірі білім ошақтарының бірі, 2022 жылы 1 қаңтар күніне оқушылардың жалпы саны 961 болды.

Аумағы 5,7 гектардан астам жерді алып жатыр. Ал ғимараттың ауданы - 103 мың шаршы метр. Мектепте екі жабық спорт залдары, бөлек баскетбол және футбол алаңдары, сондай-ақ бақша орналасқан. 9 блоктан құралған мектепте 70 оқу кабинеті мен 25 зертхана қарастырылған. Дәстүрлі оқу кабинеттері мен зертханалармен қатар, мектепте интеграция, техникалық үлгілеу, нано-био-технологиялар, робототехника, жеке сабақтар және психологиялық жеңілдену кабинеттері бар. Кеңейтілген физика, химия және биология зертханалары халықаралық заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. 270 орындық жатақхана, еліміздің басқа да қалаларынан келген дарынды оқушылардың осы мектепте білім алуына мүмкіндік береді.

Үш залдан тұратын кітапхана оқу-әдістемелік құралдармен, классикалық көркем әдебиеттермен, медиатекамен жабдықталған. Кітапхана оқушылар ізденіс жұмыстарын жүргізіп, алынған ақпараттарды талдайтын ақпараттық орталық ретінде жұмыс істейді.

Әр түрлі шараларды өткізуге 480 орындық акт залы, 100 орындық дәрісхана, 50 орындық конференц-зал ыңғайлы етіп салынған.

Оқушылар 500 орындық екі асханада тамақтанады.

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2019 жылдың сәуір айында Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) аккредитациясынан өтті. Командалық сапар барысында шетелдік сарапшылар мектептің оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды жоғары бағалады.

2018 жылдың қыркүйегінде мектеп Қазақстанның ЮНЕСКО Клубтарының ұлттық федерациясының мүшесі атанды. Клуб мүшесі ретінде мектеп қоғамдастығы ЮНЕСКО-ның шығармашылық, мәдени, рухани жобаларын іске асыруға белсенді қатысады.

Назарбаев Зияткерлік мектебі өз өңірінің флорасы мен фаунасын, тарихи орындарын, сәулет ескерткіштерін және индустриялық-өнеркәсіптік объектілерін зерттеуге бағытталған зерттеу қызметі оң жолға қойылған .

Мектеп оқушыларының әртүрлі ғылыми жұмыстары, информатика, биология, биотехнология, экология, химиялық технология және өлкетану бойынша жобалары Халықаралық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.

Мұғалімдер құрамы 154 жоғары білікті мамандардан құралған. Мұғалімдер арасында «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегерлері, «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарының иегерлері бар. Ұлыбритания, Оңтүстік Африка республикасы, Түркия сынды шет мемлекеттерінен келген мұғалімдер ағылшын тілінде пәндерден сабақ беріп, мектеп ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын жүргізуде.

Мектепте оқу уақыты сағат 8.00-де басталып, 17.00-де аяқталады. Сабақ уақытында оқушыларға үш мезгіл тамақ беріледі, жатақханада тұратын оқушылар үшін бес мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқу уақытында балаларға кітап оқуға (Reading times), қозғалыс белсенділігіне де уақыт берілген (флешмоб).

Мекен-жайы: Алматы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көш., 2.

Тел.: 8 (727) 331-01-10 (қабылдау бөлмесі).

Веб-сайт:
hbalm.nis.edu.kz