Жаңалықтар
Түркістанда мектеп басшыларына арналған өңірлік интенсив өтті
25 қараша 2025
Түркістанда мектеп басшыларына арналған өңірлік интенсив өтті Түркістанда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Білім берудегі көшбасшы бағдары» өңірлік интенсиві өтті. Шараға Түркістан облысының 762 мектеп директоры қатысты.
Жиынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, білім басқармасы басшысының м.а. Ғалымжан Орынов және NIS Педагогикалық шеберлік орталығы директоры Толқын Айдосова өңір мектептерін дамытудағы басым бағыттарды атап өтті.
Интенсив бағдарламасы стратегиялық жоспарлау, кадрлық менеджмент, көшбасшылық, кәсіби мәдениет, цифрлық басқару және серіктестік тақырыптарын қамтыды. Тренерлер басқарудың практикалық тәсілдерін таныстырса, кейс-сессияларда директорлар өз тәжірибелерін бөлісті. Сондай-ақ мектептердің үздік жобалары ұсынылған постерлік көрме ұйымдастырылды.
«Білім берудегі көшбасшы бағдары» интенсиві – NIS Педагогикалық шеберлік орталығының мектеп басшыларының кадрлық резервін қалыптастыру және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының жалғасы. Орталық 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа буын білім беру көшбасшыларын дайындап келеді.