Жаңалықтар
NIS-тің жас көшбасшылары Астанада бас қосты
21 қараша 2025
Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі өзін-өзі басқару ұйымдарының президенттері мен вице-президенттерін бір алаңға тоғыстыратын дәстүрлі NIS Көшбасшылар форумы өтті. Биылғы шара «Jana urpaq: Ignite to unite» тақырыбымен ұйымдастырылып, еліміздегі Зияткерлік мектептердің белсенді оқушыларын жинады.
Форумның ашылуында NIS Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов сөз сөйлеп, өзін-өзі басқару жүйесінің NIS қауымдастығын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
– NIS-те көптеген жобалар жүзеге асады, олардың ішінде оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі – ең негізгі бағыттардың бірі. Біз жыл сайын осы форумда бас қосып, идеялармен алмасамыз, жаңа көзқарастарды тыңдаймыз. Бұл алаң сіздерге тәжірибе бөлісуге, бір-біріңізден үйренуге, жаңа бастамалар қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Сабыржан Садуақасов.
Сондай-ақ форум аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Сессия барысында Зияткерлік мектептердің қазіргі даму бағыттары талданып, оқушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын жолдады.
Атырау, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Тараз және Өскемен қалаларындағы Зияткерлік мектептердің, сондай-ақ International Steppe School of Astana by NIS өкілдері өз жобаларын таныстырып, жас көшбасшылар бастамаларының мектеп ортасын жақсартуға және қауымдастықтарды біріктіруге қосатын үлесін көрсетті.
Екі күн бойы қатысушылар тәжірибе алмасу сессияларына, лидерлік тренингтерге, стратегиялық талқылауларға қатысып, инновация, технология және өнер салаларында еңбек ететін NIS түлектерінің пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар Smart Urpaq интеллектуалдық ойыны, «URPAQ Energy» тимбилдингі, практикалық мастер-кластар, «Sound of Jana Urpaq» шығармашылық кеші және «Stories that inspire» форматындағы ашық диалогтар ұйымдастырылды.
Форум жас көшбасшыларға жаңа идеялар алуға, практикалық дағдыларын дамытуға және NIS қауымдастығымен өзара ынтымақтастық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.