Жаңалықтар
АҚШ, Бельгия және Финляндия университеттері NIS-Programme оқу бағдарламасын мойындады
09 желтоқсан 2025
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ халықаралық академиялық мойындау аясын кеңейтті. Үш шетелдік университет NIS-Programme оқу бағдарламасының халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін ресми растады және Зияткерлік мектептердің түлектеріне бакалавриат бағдарламаларына тікелей түсу құқығын берді.
University of North Florida (АҚШ) NIS-Programme бағдарламасының GCE A-Level және International A-Levels біліктіліктеріне баламалылығын растады, сондай-ақ орташа балды есептеу кезінде AACRAO Edge стандарттарын қолдануды мойындады. Бұл шешім Зияткерлік мектептердің түлектеріне дайындық бағдарламаларын қажет етпей-ақ, бакалавриаттың бірінші курсына тікелей қабылдану мүмкіндігін ашады. Университет бизнес, инженерия, компьютерлік ғылымдар, психология, денсаулық сақтау, мейірбике ісі және басқа да жоғары сұранысқа ие бағыттарымен танымал болғандықтан, NIS Grade 12 Certificate құжатының мойындалуы ерекше маңызға ие.
UCLL University of Applied Sciences (Бельгия) NIS Grade 12 Certificate құжатын бакалавриатқа тікелей түсуге құқық беретін ресми құжат ретінде таныды. Университет SAT тапсыруды талап етпейді, тек ағылшын тілінің деңгейін растау жеткілікті. UCLL – Еуропаның жетекші қолданбалы университеттерінің бірі және практикалық бағытталған дайындық моделіне ие.
University of Turku (Финляндия) – елдегі үздік төрт жоғары оқу орнының қатарына кіретін университет – NIS Grade 12 Certificate құжатының бакалавриат бағдарламаларына өтініш беруге қажетті базалық біліктілікті қамтамасыз ететінін растады. Ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламалар үшін SAT талап етіледі, алайда ағылшын тілі бойынша қосымша емтихандар қарастырылмайды.
Осылайша, NIS-Programme бағдарламасын ресми түрде мойындайтын университеттердің халықаралық желісінің кеңеюі Зияткерлік мектептердің жоғары академиялық деңгейін айқын көрсетеді және түлектердің жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі таңда NIS-Programme бағдарламасын ресми мойындаған шетелдік университеттердің саны 73-ке жетті.