banner

Жаңалықтар

NIS желісін дамытудың стратегиялық мәселелері Директорлар кеңесінің отырысында талқыланды

news

12 желтоқсан 2025

Алматыда NIS Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кездесу барысында білім беру сапасын дамытудың негізгі мәселелері, соның ішінде оқу үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективалары, сондай-ақ желі қызметіне қатысты өзекті басқарушылық және ұйымдастырушылық бағыттары қаралды.

Басқосу барысы Директорлар кеңесі қарауына ұсынылған мәселелерді талқылаудан басталды. Директорлар кеңесінің төрағасы Ермек Пайзов олардың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынып, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындады.

Стратегиялық мәселелерді талқылау аясында Өскемендегі NIS директоры Данияр Уәлиев оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту бағыттарын таныстырып, деректерді талдау, креативті және алгоритмдік ойлау дағдыларын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ал Ақтаудағы NIS директоры Ринат Жұмабаев Назарбаев Зияткерлік мектептерін жетекші халықаралық білім беру алаңдарында ілгерілету стратегиясы бойынша баяндама жасады.

Сондай-ақ отырыста NIS мектептері басшыларының басқарушылық құзыреттері мен көшбасшылық әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған мәселе бойынша Қостанайдағы NIS директоры Гүлнара Дусказиева басқарушы кадрлардың біліктілігін жүйелі әрі кезең-кезеңімен арттырудың қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин директорлардың сұрақтарына жауап беріп, NIS желісін одан әрі дамытудың басым бағыттарын, соның ішінде заманауи технологияларды енгізу, жүйелі тәсілді күшейту және басқарушылық жауапкершілікті нығайту мәселелерін белгіледі.

Сонымен қатар басқосу нәтижесінде алдағы жұмысқа арналған негізгі бағыттар айқындалып, тиісті құрылымдық бөлімшелер мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар берілді.