Жаңалықтар
NIS түлегі алғаш рет Қазақстан атынан IOL комиссия құрамына өтті
02 желтоқсан 2025
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Аида Давлетова IOL халықаралық лингвистика олимпиадасының тапсырмалар комиссиясына қабылданды. Бұл – қазақстандық маманның алғаш рет әлемдік олимпиаданың негізгі сараптамалық құрамына өтуі және отандық ғылым саласы үшін маңызды тарихи белес.
Беделді халықаралық комитетке қабылдану – сирек мүмкіндік. Бұл шешім Аиданың кәсіби даярлығы мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Бұл шақырту Аиданың лингвистика саласындағы жүйелі еңбегінің табиғи жалғасы іспетті. 2024 жылы ол халықаралық олимпиадаға тәуелсіз автор ретінде тапсырма ұсынып, кәсіби қауымдастықты бірден өзінің ғылыми нақтылығымен және тәсілдік тереңдігімен тәнті етті. Жұмысы жеке турдың ресми жинағына еніп қана қоймай, қатысушылардың таңдауы бойынша Solvers’ Choice Award марапатына ие болды.
Аиданың отанлық олимпиадалық қозғалыстағы қызметі де назар аударарлық. 2023 жылдан бері ол Республикалық лингвистика олимпиадасының тапсырмаларын әзірлеуге, қазылар алқасының жұмысына және ұлттық құрама резервін дайындауға тұрақты түрде қатысып келеді. Оның әзірлемелері Қазақстаннан тыс елдерде де сұранысқа ие болып, Үндістандағы жинақтарға және IOL іріктеу турларына енген. Сондай-ақ жас маман QazGO география олимпиадасы мен Неміс лингвистика олимпиадасының (DOL) комитет мүшесі ретінде де танылып үлгерді.
Оқушы кезінде Аида Қазақстан атынан IOL, iGeO және EGeO халықаралық олимпиадаларында бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Республикалық деңгейде де алтын медальдер жеңіп алды.
Бүгінде ол жаттықтырушы ретінде де нәтижелі еңбек етіп жүр. Аиданың шәкірттері Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында жүлделі орындарға қол жеткізіп, биылғы халықаралық додада құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазір NIS түлегі Германияның Тюбинген университетінде компьютерлік лингвистика бағытында білім алып жатыр. Аиданың халықаралық тапсырмалар комиссиясындағы жаңа рөлі – кәсіби өсудің келесі кезеңі. Бұл мүмкіндік оған жаһандық лингвистикалық қауымдастықтың дамуына үлес қосып, Қазақстанды сарапшылық деңгейде таныстыруға жол ашады.