
Жаңалықтар
NIS-те Халықаралық Бакалавриат ұйымының өкілдерімен кездесу өтті

13 қазан 2025
Бүгін елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Халықаралық Бакалавриат ұйымының (IBO) өкілдерімен кездесу өтті.
Жиынға IBO бас директорының орынбасары Марко Донди мен Африка, Еуропа және Таяу Шығыс елдері бойынша даму және мойындау жөніндегі аға менеджер Ведрана Павлетич қатысты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин шетелдік әріптестерге NIS экожүйесін таныстырып, ұйымның қызметі мен стратегиялық даму бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ төраға IB Дипломдық бағдарламасын сәтті аяқтаған Астанадағы NIS және International Steppe School of Astana түлектерінің нәтижелерін бөлісті.
– Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Халықаралық Бакалавриат ұйымының серіктестігі 2010 жылдан бері табысты жалғасып келеді. Қазіргі таңда жүйедегі екі мектеп IB бағдарламасы бойынша авторизация алған, ал соңғы үш жылда 29 оқушы IB Дипломдық бағдарламасы емтиханында 40 және одан жоғары ұпай жинап, әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – NIS-тің жаһандық стандарттарды табысты енгізіп отырғанын дәлелдейді, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі Халықаралық Бакалавриат мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және кәсіби серіктестікті дамыту бағыттарын талқылады. IB делегациясы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өзара әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, NIS экожүйесі бүгінде білім беру мазмұнын әзірлеу, бағалау жүйесін жетілдіру және мұғалімдердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету бағыттарында кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен бірге, Назарбаев Зияткерлік мектептері Кавказ және Орталық Азиядағы IB мектептер қауымдастығы – CCAAIBWS ұйымының тең құрылтайшысы ретінде аймақтық кәсіби ынтымақтастық пен халықаралық стандарттарды ілгерілету ісіне белсенді үлес қосып отыр.