banner

Жаңалықтар

Шымкент қаласы Абай ауданындағы NIS-ке жаңа директор тағайындалды

news

08 қазан 2025

Шымкент қаласы Абай ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры лауазымына Дулат Тұрарбеков тағайындалды.

Дулат Мұратбекұлы Семей қаласындағы М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжді, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бакалавриат және магистратура деңгейінде үздік тәмамдаған. Қазіргі уақытта осы университеттің докторанты.

Білікті педагог өзінің еңбек жолын 2007 жылы елордадағы мектепте бастаған. 2012 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде мұғалім, әдіскер және директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Кәсіби тәжірибесі білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бағалау құралдарын дайындау және педагогтердің кәсіби дамуын қолдау бағыттарын қамтиды. Дулат Мұратбекұлы – Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірленген «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәні бойынша оқу бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешеннің авторларының бірі. Сонымен қатар «Педагогикалық өлшеулер орталығында» сыртқы жиынтық бағалау құралдарын әзірлеуге және ұлттық деңгейдегі емтихандарды ұйымдастыру жұмыстарына қатысқан. Педагогтің 10-нан астам ғылыми және әдістемелік жарияланымдары бар.

Дулат Тұрарбеков қазақ, орыс тілдерін еркін, ағылшын тілін IELTS 5.0 деңгейінде меңгерген.