banner

Жаңалықтар

Қостанайдағы NIS оқушысы «Білім мұзжарғышы» халықаралық арктикалық экспедициясынан оралды

news

25 тамыз 2025

Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Лидия Осенникова «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен өткен «Білім мұзжарғышы» халықаралық арктикалық экспедициясынан сәтті оралды.

Экспедицияға биыл 21 елден 66 оқушы қатысты. Қатысушылар Мурманск қаласынан «Жеңістің 50 жылдығы» атты атом мұзжарғышымен жолға шығып, Солтүстік полюске жетіп, Франц Иосиф Жеріндегі архипелагқа барды.

Он күндік саяхат барысында жасөспірімдер Арктика жағдайында ғылыми тәжірибелер жасап, атом энергетикасы, экология және ғарыш саласының жетекші мамандарынан дәрістер тыңдады. Олар климат пен биоалуантүрлілікті зерттеп, атом мұзжарғышының жұмыс қағидатымен танысты. Бағдарламада жаһандық экологиялық мәселелер жөніндегі пікірталастар, мұз үстінде навигация бойынша практикалық сабақтар және түрлі елдің оқушыларымен мәдени алмасу да қамтылды.

Лидия үшін бұл сапар өміріндегі ұмытылмас кезеңге айналған.

– Солтүстік полюске барып, Арктиканы өз көзіммен көру – керемет әсер. Осындай бірегей экспедицияға қатысу мүмкіндігіне ризамын. Бұл тәжірибе мені ғылымға тереңірек қызығып, өзімді дамытуға шабыттандырды, – дейді ол.

«Білім мұзжарғышы» экспедициясы биыл алтыншы рет өтті. Жоба жаратылыстану ғылымдарын дәріптеуді, талантты оқушыларды қолдауды және олардың кәсіби бағдарын айқындауды мақсат етеді. Осы уақыт ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ден астам оқушы бұл бірегей сапардың қатысушысы атанған.

Фотогалерея

image-