
Жаңалықтар
Қазақстан мен Тәжікстан білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

12 қыркүйек 2025
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы тәжірибе алмасу мақсатында Тәжікстан Республикасы білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтындағы әріптестермен кездесті.
Аталған бастама Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу саласындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жалғасы саналады.
Үш күн бойы тәжікстандық әріптестер үшін білім беру процесін жоспарлау мен мониторингілеу, оқу бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ тренерлердің кәсіби құзыреттерін қалыптастыру мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ өзін-өзі және өзара бағалаудың практикалық тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді.
– Біз үшін де тағылымдамалық алаңды ұйымдастыру бір жағынан – үлкен тәжірибе, екінші жағынан – педагогтердің кәсіби дамуының бірегей моделіне деген сенімнің көрінісі, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова.
Өз кезегінде тәжікстандық әріптестер мұндай тәжірибе алмасудың практикалық маңызын атап өтті:
– Біз үшін барлық бағыт маңызды. Әсіресе, олардың тәжірибеде қалай жүзеге асып жатқанын көру құнды болды. Мұнда оқытудың белсенді әдістеріне және жайлы білім беру ортасын құруға баса назар аударылатынын байқадық. Дәл осы бағыт қазір Тәжікстанда да сұранысқа ие. Мұндай тәжірибе алмасу педагогтерді даярлау саласында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Тәжікстан Республикасы білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтының кафедра меңгерушісі Манучехра Чумахонова.
ПШО-ның Тәжікстанның білім беру институттарымен ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие және ол тұрақты тәжірибе алмасуға, заманауи білім беру тәжірибелерін енгізуге және кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған.