banner

Жаңалықтар

NIS Солтүстік Қазақстандағы ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсетуді бастады

news

19 қыркүйек 2025

Солтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылдарындағы 13 тірек мектеп пен 39 шағын жинақты магнитті мектеп «Цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасына енді. Бастаманы облыс әкімдігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба аясында білім ордаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылады және Зияткерлік мектептерден әдістемелік қолдау алады.

Осы бастама аясында бүгін Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақтық семинар-кеңес өтті. Шараға өңірдің 100-ден астам мектеп басшылары, білім басқармасы мен әдістемелік кабинеттердің өкілдері қатысты. Сонымен қатар 500-ге жуық ауыл мұғалімі қашықтан қосылды.

Семинарда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандары өз баяндамаларын ұсынып, тәжірибе бөлісті. NIS Тәжірибе тарату департаменті директоры Жақсылық Пірмаханбет ауыл мектептеріне көрсетілетін әдістемелік қолдаудың негізгі бағыттарына тоқталса, NIS Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова мектеп басшыларына арналған психометриялық тестілеудің кәсіби өсуге ықпалын түсіндіріп, мұғалімдерді қашықтан оқыту үдерісін жоспарлау, өткізу және талдауға үйретудің өзектілігін атап өтті. Ал NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Думан Сапақов мониторинг нәтижелерін тиімді пайдалану арқылы оқу процесін жетілдірудің нақты тәсілдерін ұсынды. Петропавлдағы NIS директоры Виктор Сосин Зияткерлік мектептердегі инновациялық орталықтардың аймақтық білім сапасын арттырудағы рөлін баяндады.

Жаңа жоба аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің сарапшылары 3500-ден астам оқушының оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асырады. 4 және 8-сынып оқушылары негізгі пәндерден тест тапсырады, ал 13–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы PISA халықаралық стандарты бойынша бағаланады. Әр мектеп пен әр оқушыға жеке есеп ұсынылып, білім сапасын жақсартуға арналған нақты шараларды анықтауға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар NIS өкілдері 422 мектеп басшысы мен олардың орынбасарларына психометриялық тестілеу жүргізеді. Бұл олардың басқарушылық құзыреттерін бағалап, кәсіби дамуға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеуге негіз болады. Мұғалімдер үшін курстар, семинарлар, вебинарлар мен тағылымдамалар ұйымдастырылады. Оқыту аяқталғаннан кейін де педагогтерге әдістемелік қолдау мен кеңес беру жалғасады.

Жоба 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асып, Солтүстік Қазақстандағы ауыл мектептері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.