Жаңалықтар
NIS Педагогикалық шеберлік орталығының бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтті
24 желтоқсан 2025
«Өзгеріс көшбасшылары: заманауи мектепті басқаруға жаңаша көзқарас» бағдарламасы халықаралық деңгейде мойындалды.
Германиядағы беделді ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты бағдарламаны әлемдік сапа стандарттарына толық сәйкес деп танып, ресми аккредитация сертификатын берді. Бағдарлама – қазіргі мектептерді басқаруға қабілетті жаңа буын басшыларын даярлауға арналған кәсіби оқыту курсы.
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының қатысушылары осы бағдарлама бойынша оқытылды.
Болашақ мектеп басшыларын дайындауды NIS Педагогикалық шеберлік орталығы жүзеге асырды.
2023–2025 жылдары:
– бағдарламаға қатысуға 24 000-нан астам үміткер тіркелді
– 986 үміткер мектеп басшыларының кадрлық резервіне енді
Қатысушылар көпсатылы іріктеу және оқыту жүйесінен өтті:
іріктеу → үш деңгейлі оқу → үздік мектептердегі тағылымдама → қорытынды бағалау → министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу.
Бағдарламаны толық аяқтаған тыңдаушылар конкурстан өтпей-ақ мектеп директоры лауазымына тағайындалу құқығына ие болды. NIS Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылдан бері отандық педагогтерді кәсіби даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Орталықтың бағдарламалары:
– әлемдік тәжірибелерге,
– білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби қажеттіліктеріне,
– курс алдындағы мониторингтік зерттеулерге негізделеді.
Айта кетейік, NIS Педагогикалық шеберлік орталығы – халықаралық сараптамаға авторлық бағдарламаларын ұсынған Қазақстандағы алғашқы қосымша кәсіби білім беру ұйымы.
Бүгінде ПШО-да ACQUIN аккредитациясынан өткен 11 бағдарлама бар.
Сондай-ақ 2024 жылы Орталық ACQUIN институтынан институционалдық аккредитация алды.
Институционалдық аккредитация – ұйымның басқару жүйесі, сапаны қамтамасыз ету тетіктері, оқу бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру үдерістері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін бағалайтын кешенді сыртқы сараптама.
Педагогикалық шеберлік орталығы ACQUIN институтының тарихында аккредитациядан шартсыз, ең ұзақ мерзімге және бірде-бір түсініктемесіз өткен алғашқы ұйым екені атап өтілген.