Жаңалықтар
Түркістандағы NIS-те «SKILL HUB» білім беру хабы ашылды
28 ақпан 2026
Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа «SKILL HUB» білім беру хабы өз жұмысын бастады. Бұл заманауи кеңістік арнайы мектеп оқушылары үшін жасақталып, олардың практикалық дағдыларын дамытуға, әлеуетін ашуға және болашақ кәсіби қызметке дайындауға бағытталған. Хаб оқушыларға оқыту, жобалық жұмыс және өз идеяларын жүзеге асыру арқылы дамуға мүмкіндік береді.
Хабтың ашылу салтанатына Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова, «Келешек мектептері» мектептерінің өкілдері, Turkistan Hub және Woosong University Kazakhstan өкілдері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов, сондай-ақ NIS ата-аналары мен мұғалімдері қатысты.
– «SKILL HUB» алаңының ашылуы өңір жетістіктеріне жаңа серпін беретіні сөзсіз. Тарихи мұра мен рухани құндылықтар қазіргі заманғы технологиялармен ұштасып жатыр. Алдағы уақытта осы зертханаларда инновациялық жобалар әзірленіп, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады және ғылым мен технологиялардың дамуына үлес қосады, – деп атап өтті Сабыржан Өміртайұлы.
Зияткерлік мектептегі «SKILL HUB» екі негізгі бағытты қамтиды: NIS Engineering және NIS Shabyt Studio. Әр бағытта оқушылардың технологиялық, инженерлік және шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған төрт бірегей жоба ұсынылған. NIS Engineering бағытында робототехника, бағдарламалау, инженерлік технологиялар және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар қарастырылған. Ал NIS Shabyt Studio бағыты бойынша оқушылар дизайн, кино, өнер және музыка салаларындағы жобалар арқылы өз шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.
Іс-шара барысында жасанды интеллект тақырыбында пікірталас сессиясы өтті, онда сарапшылар білім беру саласында ЖИ-ді қолданудың мүмкіндіктері мен оны енгізу кезінде этикалық стандарттарды сақтаудың маңызын талқылады.
Сондай-ақ кампус-тур ұйымдастырылып, қатысушылар мектептің оқу бөлмелерімен, инновациялық жобалармен және инфрақұрылыммен танысты.