banner

Жаңалықтар

NIS Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жобасының нәтижесін таныстырды

news

12 ақпан 2026

Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин Петропавл қаласында өткен облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл мектептерін әдістемелік қолдау жобасының нәтижелерін таныстырды.

Жоба 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып, өңірдегі ауыл мектептерінде оқу сапасын арттыруға және басқарушылық тиімділікті күшейтуге бағытталды.

Жоба аясында NIS сарапшылары оқу үдерісін жан-жақты талдап, сабақтарға терең сараптама жүргізді, мектеп басшыларына психометриялық диагностика ұйымдастырды, сондай-ақ бастауыш және негізгі буында оқу жетістіктеріне сыртқы мониторинг өткізді. Жинақталған деректер директорлар мен педагогтерге арналған оқыту бағдарламаларын әзірлеуге негіз болып, әдістемелік жұмысты нақты қажеттіліктерге сай қайта құрылымдауға мүмкіндік берді.

«189 мектепке жүргізілген мониторинг нәтижесінде 4-сыныптарда оқу жетістіктері 12,2 пайызға, 8-сыныптарда 10,1 пайызға артқаны анықталды. Сонымен қатар 460 мектеп басшысы психометриялық тестілеуден өтіп, 40 мектепте 400 сабаққа талдау жасалып, педагогтерге кәсіби кері байланыс берілді», – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.

Сондай-ақ тірек және шағын жинақты мектептер арасында 321 бірлескен онлайн сабақ ұйымдастырылып, үздік тәжірибелер өңір мектептеріне таратылды. Бұл мектептер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, тұрақты өзара әрекеттесу моделін қалыптастыруға жол ашты.

Жоба өткен жылдың соңында аяқталғанымен, NIS тарапынан постжобалық сүйемелдеу жоспары әзірленіп, ауыл мектептеріне қолдау көрсету шаралары жалғасуда.

Айта кету керек, ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту – Назарбаев Зияткерлік мектептері қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі. NIS 2019 жылдан бері өңірлерде әдістемелік сүйемелдеу бағдарламаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Білім беруді тұрақты дамыту қорымен» бірлесіп, еліміздің 17 өңіріндегі 193 ауылдық тірек мектепке жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның 13-і Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан.

Жоба қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға, сондай-ақ мектеп басшыларының басқарушылық және педагогикалық құзыреттерін арттыруға бағытталған.

Фотогалерея

image-
image-
image-