
Жаңалықтар
NIS шәкірттері халықаралық «Туймаада» олимпиадасында топ жарды

10 шілде 2025
Якутск қаласында математика, физика, химия және информатика пәндері бойынша өткен XXXII Халықаралық «Туймаада» олимпиадасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің бірнеше елінен жиналған 155 талантты оқушы бақ сынаған білім додасына NIS өкілдері онлайн форматта қатысып, бір алтын, үш күміс, екі қола медаль және құрмет грамотасына ие болды.
Математика бойынша алтын медальді Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Санжар Ержанов қанжығасына байлады. Осы мектептің тағы бір оқушысы Әли Еркебұланұлы мен Қостанайдағы NIS оқушысы Игорь Сапрыкин күміс жүлде иегерлері атанды. Қола медальді тағы да Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Эльдар Усенов жеңіп алды.
Химия пәні бойынша елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Қали Әбілмансұр күміс медаль иеленсе, Өскемендегі NIS оқушысы Айзере Жеңісхан қола медаль еншіледі.
Сонымен қатар Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Азамат Жолжан информатика пәні бойынша құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл жетістіктер – тек оқушылардың жеке табысы ғана емес, Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш. Олимпиада жас зерттеушілердің ғылымға қызығушылығын арттырып, халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға жол ашады.