banner

Жаңалықтар

NIS мектеп директорларына ұлттық аккредиттеу стандарттарын таныстырды

news

30 қыркүйек 2025

Бүгін Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Педагогикалық өлшеулер орталығы алғаш рет орта білім беру ұйымдарын аккредиттеу бойынша семинар өткізді. Шараға елорданың 80-нен астам мемлекеттік және жекеменшік мектеп директорлары, сондай-ақ білім беру саласындағы мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Семинар барысында NIS сарапшылары халықаралық үздік тәжірибеге сүйене отырып әзірленген ұлттық аккредиттеу стандарттарын таныстырды. Бұл стандарттар Зияткерлік мектептердің Нидерландыдағы стратегиялық серіктесі – Council of International Schools (CIS) ұйымымен бірлесіп жасалды. Қатысушыларға аккредиттеу рәсімдерінің кезеңдері мен олардың мектеп сапасын арттырудағы рөлі түсіндірілді. Панельдік сессияларда мектеп басшылары мен сарапшылар пікір алмасып, өзекті мәселелерді ортаға салды.

Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин аккредитация тек мектептің жоғары стандарттарға сәйкестігін дәлелдеу емес, оның болашақта дамуға дайын екендігін көрсететінін атап өтті.

– Халықаралық мектептер кеңесімен бірге жинақтаған тәжірибеміз қазақстандық мектептердің сапасын арттыруға септігін тигізуде. Сонымен қатар әрбір мектеп бес жыл мерзімге сертификат қана алып қоймай, кәсібиліктің жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік алады, – деп қосты Әнуар Жанғозин.

Еске салсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2024 жылы Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру ұйымдарын аккредиттеу құқығына ие органдар тізіміне енгізілді. Бүгінде орта білім беру ұйымдарын аккредиттеумен NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы айналысады.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-