Қызылорда қ. химия-биология бағытындағы мектебі

Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ашылды.

Мектебіміз еліміздегі Зияткерлік мектептердің қатарында он бесінші болып өз жұмысын бастады және оқыту үдерісіне инновацияны ендіру базасы болып саналды. Қыркүйек айының аяғына таман мұнда 90-нан астам педагогикалық қызметкер жұмыс атқару үстінде, олардың қатарында шетелдік мамандар да бар, 52 пән мұғалімі Педагогкалық шеберлік орталығының (3 базалық деңгей бойынша) біліктілікті арттыру курстарында білім алды. Педагогтардың іріктеу конкурстарында бір бос орынға 5 адамнан келді.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне конкурстық іріктеу жүйесі тұтастай алғанда жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша оқуға қабілетті балаларды қабылдауға және олардың келешекте белгілі қазақстандық және шетелдік технология университеттеріне оқуға түсуіне бағытталған. Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің 7,8,9,10-сыныптарына конкурстық іріктеуге қатысу үшін 4001 өтініш берілді. 553 оқушы (13,8 %) «Өркен» білім беру грантының иегері атанды. Айта кететін нәрсе, 7-сыныптарға конкурстық іріктеу тұңғыш рет жаңа жүйеде, яғни, Cito Нидерланды Педагогикалық өлшеулер институтымен  және  СТҮ Джонс Хопкинс Университетінің  Дарынды жастар орталығымен (АҚШ) бірлесе отырып өткізілді. 

Назарбаев Зияткерлік мектебі таңдаулы қазақстандық және халықаралық педагогикалық тәжірибені зерттеу мен ендіру алаңы болып табылады. Әр мектептің қуаттылығы және инфражүйесі оның жеке  жобасы мен сынып жиынтығының мүмкін болған санына байланысты. Негізінен Зияткерлік мектептердің ғимараты 720 орынға есептелген, жатақханадағы орын саны - 120. Мектеп ғимараты ірілендірілген бірнеше блоктардан: оқу, жатақхана, және спорт блоктарынан тұрады. Оқу блоктарында барлығы 63 кабинет, оның ішінде 10 оқушыға арналған 40 кабинет, 20 оқушыға арналған 16 кабинет, 2 әмбебап кабинет, 5 жеке сабақтар кабинеті бар. Жатын блогы басқа қалалардан келген оқушыларға арнап 120 орындық жайлы жатақханасын ұсынады.  Спорттық корпуста үлкен және кіші залдар, тренажер залы қарастырылған. Сонымен бірге, жалпымектептік бөлмелерде кабинеттер мен лабораториялар, медициналық блок, 360 орындық тамақтану залы, 360 адамға лайықталған мәжіліс залы оқушылар мен ұстаздар игілігі үшін қызмет етеді.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен мектепте аймақтық экономика кабинеті ашылған, мұнда білім алушылар облыс экономикасын дамытуға арналған жобалармен айналысуға мүмкіншілік алады. Жергілікті жердің флорасы мен фаунасының экологиялық ахуалын игеру үшін мектепте экология кабинеті жасақталған, кабинетте Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда Мемлекеттік университетінің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері құрастырған оқу материалдары жинақталған. Мектеп тек қана білім алу үшін ғана емес, сонымен қатар оқу үдерісін де басқаруға қабілетті соңғы үлгідегі жаңа компьютерлік жүйелермен, мультимедиялық кабинеттермен, жоғарғы өндірісті электронды есептегіш машиналармен, интерактивті электронды тақталармен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, инновациялық бағдарламалық құралдармен жабдықталған. 

Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 8

Телефон: 8 (7242) 55 11 51

Электронды поштасы: info@kzl.nis.edu.kz

Веб-сайт: kzl.nis.edu.kz


Қаралым: 45740
Жарияланған: 30 Қырқүйек