Жазғы мектеп

Жазғы мектеп


Оқушылардың академиялық білімінің деңгейін, жобалық-зерттеу дағдыларын, тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2012 жылдан бастап жыл сайын «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады.

Жазғы мектеп бағдарламалары оқушыларға мектеп бағдарламасы бойынша білімдерін тереңдетуге, эксперименттік іс-әрекет дағдыларын дамытуға, оқу процесінде оқушылардың өзара әрекеттесуі арқылы әлеуметтік тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Жазғы мектепті Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қазақстандық және шетелдік мұғалімдері, шақырылған оқытушылар, жергілікті және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары өткізеді.

 

 

 

 

 

 

Ұзақтығы екі аптаға созылатын мектеп жұмысы түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға ықпал ететін, шағын топтарда ұйымдастырылады.

Жазғы мектеп аясында оқушылардың дамытатын негізгі дағдылары

Жазғы мектептерде оқушыларға қызығушылықтары аясында оқу мен демалысты кіріктіруге жағдайлар жасалған. Оқушылар қолөнер, музыка, сурет салу, бейнероликтерді монтаждау, робототехника, қыш өнері, 3 D модельдеу, музыкалық аспаптарда ойнау, хореографиялық билер, театр, спорттық іс-шаралар сияқты түрлі үйірмелерге қатыса алады.

Жазғы мектептердің қызметі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ NIS-Programme білім беру бағдарламасы аясында келесі бағыттарда ұйымдастырылады.

Жазғы мектептің негізгі бағыттары

Жазғы мектеп өз қызметін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының 2019 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен (№15 хаттама) бекітілген Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жазғы мектеп жұмысын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырады

Академиялық бағыт

Академиялық білімді тереңдетуге, сыни ойлауды, тілдік және ақпараттық-коммуникациялық дағдыларды дамытуға бағытталған. Аталмыш бағыт бойынша «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «География», «Информатика», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәндерін интерактивті тұрғыда оқыту, халықаралық емтихандарға дайындықтағы тілдік пәндер, оқушылардың кәсіби бағдарын анықтауға қатысты ақпараттық қолдау көрсету жүзеге асырылуда. Академиялық бағыт аясында Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсу кезінде тілдерді меңгерудің жеткіліксіз деңгейін көрсеткен 7-сынып оқушылары үшін тілді меңгеруге қатысты қарқынды курстар өткізіледі (қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша).

 

 

 

 

 

 

 

2019 жылы Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қорының қолдауымен шетелде тұратын этникалық қазақ балаларының Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектеп ұйымдастырылды. Жазғы мектепте балалар қазақ тілін дамыту, STEM пәндерінен білімдерін тереңдету, қазақ мәдениеті мен салт дәстүріне, тарихына қатысты ақпараттар алды. Шараға барлығы 7 елден (Ресей, Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан) 150 бала қатысты.

2021-2022 оқу жылында академиялық бағытта Зияткерлік мектеп мұғалімдері 59 бағдарлама әзірлеп, оған 7 242 оқушы қатысты.

Жобалық-зерттеу бағыты ақпаратты іздеу, өңдеу және ұсыну, жеке және топтық жұмыс жасау дағдыларын дамытуға негізделген. Бұл бағыт оқушылардың жобалық-зерттеу жұмысын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

Аталған бағытта 63 бағдарлама әзірленіп, 4 825 оқушы қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

Кешенді әлеуметтік-тұлғалық бағыт оқушылардың шығармашылық, танымдық әрекеттерін жандандыруға, ынтымақтастық пен ұйымшылдық атмосферасын құруға бағытталған. Курс жұмысы оқушылардың әлеуметтік жобаларға, экскурсияларға, семинарларға, шеберлік сабақтарына, спорттық іс-шараларға, ойындар мен жарыстарға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

Аталған бағытта 53 бағдарлама әзірленіп, 4 505 оқушы қатысты.

Жазғы мектепке қатысу үшін оқушының заңды өкілдері summerschool.nis.edu.kz сайтында онлайн өтінім қалдырулары қажет.

 

 


Қаралым: 432
Жарияланған: 10 Тамыз