Жаңалықтар

Петропавлдағы NIS оқушылары облыстық Хакатон жүлдегерлері атанды


Өңірде өткен хакатонда Назарбаев Зияткерлік мектептерін бірден 4 команда таныстырып, олардың бірі «KazHackStancy» үшінші орынға ие болды.

– Біздің алдымызда тұрған бірінші міндет – жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуді ұсыну. Біз өзіміздің еңбек биржамызды әзірлеп, онда ЖОО, жұмыс берушілер мен студенттерді бір платформада байланыстырдық. Бос жұмыс орындарын QR коды арқылы әртүрлі қоғамдық жерлерде орналастыруға болады. Сондай-ақ біз ұйымдардағы өндірістік тәжірибенің ашықтығы мәселесін ойладық. Бір платформадағы толық портфолио студентке тезірек жұмысқа орналасуға көмектеседі, – дейді Айбын Ермағамбетов.

Қатысушылар нағыз командалық жұмысты көрсетіп, бәсекеге қабілетті өнім дайындады. «KazHackStancy» мүшелері 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ Зияткерлік мектептен шыққан «SDRAM» командасы Қазақтелеком компаниясының арнайы сыйлығын жеңіп алды.

– «Хакатонға» бірінші рет қатыстық. Мұнда өз саласының білгірлері мен мықты ІТ мамандарды кездестірдік. Келесі жылы міндетті түрде қайта қатысамыз. Осындай іс-шаралар бізді жігерлендіріп, одан әрі дамуға ынталандырады, – деп бөлісті Мерей Кәкімова.

Айта кетейік, Kozybayev University ұйымдастырған облыстық хакатонда 100-ге жуық ЖОО мен колледж студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары бақ сынасты.

 

 

 



Қаралым: 130
Жарияланған: 29 Қараша