Жаңалықтар

Web-дизайннан қыш өнеріне дейін: Педагогикалық шеберлік орталығы қосымша білім беру бойынша тренерлерді дайындады


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық шеберлік орталығы «Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу» жобасы аясында алғаш рет 50 тренерді даярлады, қатысушылар алдағы уақытта түрлі қосымша білім беру курстары бойынша әріптестерін оқытатын болады.

NIS-тің педагог-сарапшылары «Инженерлік іс (қолданбалы математика, физика, информатика)»; «Пилотсыз ұшу аппараттары», «WEB-дизайн және әзірлеу»; «Бейнепродакшн, YouTube контентін әзірлеу»; «Lego WEDO 2.0-де құрастыру»; «Дизайнерлік және сәулеттік жобалау»; «Қыш өнерінің негіздері»; «Сыртқы келбет эстетикасы»; «Әмбебап (үй) шебер» тақырыптары қамылған сабақтар өткізді.

Индер ауданындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі Жазира Махметқызы «Бейнепродакшн, YouTube контентін әзірлеу» курсы бойынша білім алып, әріптестерімен бірге шығармашылықтың сандық құралдарын меңгере бастағанын жеткізді. IT-лицейінің физика пәні мұғалімі Алмагүл Упишева инженерлік іс бойынша сабақтарда интерактивті оқыту және оның стратегиялары мен техникаларын жан-жақты үйреткен Мейіржан Сұлтанов пен Орынтай Хасанға алғыс білдірді. Атырау қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы № 22 орта мектептің мұғалімі Мерей Бақтығали wев-дизайнды әзірлеу бойынша кәсіби білімін арттырды.

Тренинг барлық курс тыңдаушылары үшін тренер ретінде жұмыс істеуде сенімділік бергенін мойындайды.

Тоғыз элективті курс бағдарламасы Оқушылар сарайы мен балалардың шығармашылық бірлестіктері өткізетін үйірмелер, секциялар және клубтардың тақырыптары мен мазмұнын түрлендіруге мүмкіндік береді. NIS-тің тренерлік жобасы аймақтағы үйірме жұмысын дамытуға жаңа серпін сыйлады.

 



Қаралым: 99
Жарияланған: 29 Қараша