Жаңалықтар

Күләш Шәмшидинова: «Когнитивтік ойлауды дамыту қажет»


Атырау облысы мектептері басшыларының селекторлық кеңесі барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әріптестеріне 2021 жылдың сәуірінен мамыр айына дейін NIS мұғалімдерінің мониторингтік тобы жүргізген кешенді сараптама нәтижелерін ұсынды.
 
- Когнитивтік ойлауды дамыту, баланы дұрыс сауал қоюға және үрдістер мен өзгерістерді өз бетінше талдауға үйрету қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл қабілеттер бала кезден пайда болмайды, олар әр түрлі жаста қалыптасады, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы.
 
Күләш Шәмшидинова оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын, алынған деректер негізінде шешім қабылдау дағдыларын, сондай-ақ ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту бойынша басым бағыттарға назар аударды.
 
Кеңес барысында қатысушылар Атырау облысы мектептерінде білім беру сапасын арттыру, педагогтардың кәсіби дамуы, сондай-ақ мектеп пен қоғам арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев білім беру жүйесін дамытудың жол картасы өңір бойынша 2021-2023 жылдар аралығында жүзеге асырылатынын атап өтті. Кеңеске Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері, білім басқармасының әдістемелік орталығы қызметкерлері, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ педагогикалық кадрларды даярлау ұйымдарының басшылары қатысты.


Қаралым: 286
Жарияланған: 11 Қазан