Жаңалықтар

Ұлы мұраға апарар жол


Бүкіл Кеңес Одағының бетке ұстар жаңа буынын біріктірген «Жас тұлпар» жастар тобының көшбасшысы, барлық тиражы гильотинада жойылған атақты «Көшпенділер эстетикасының» авторы, бірінші дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елші атағы бар дипломат, әлемге танымал синолог, сұранысқа ие «Жібек жолындағы сұхбаттар» жобасының шабыттандырушысы, еліміздің ең беделді мәдениеттанушыларының бірі, қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы және Әуезов қоры президенті – Мұрат Әуезов.

Аты аңызға айналған Мұрат Мұхтарұлымен NIS-тегі кездесу педагогикалық шеберлік орталығының «Шабыт» жобасы аясында жүзеге асырылды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева атап өткендей, бұл –көптен күткен кездесу. Елімізде Мұрат Әуезов нағыз зияткер және нағыз интеллигент ретінде бұрыннан танылды. Шаңырақтың кіші ұлы алғаш рет Мұхтар Әуезовтің дәуірлік романын жеті жасында анасы Фатима Ғабитовамен бірге оқыған.

Кездесу барысында өзінің таңғажайып отбасы туралы, қазақтың ана тілі мен киелі аспабы – домбыраға деген көзқарасы, ұлттық интеллигенцияның үздік өкілдері – Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Асқар Сүлейменов, Ілияс Есенберлин және басқа да атақты тұлғалармен достық қарым-қатынасы жайында әңгіме өрбіді. Айтылған оқиғалардың әрқайсысы – қазақ және әлем әдебиетін, тарих пен өнерді зерттеуге, таным мен ой-өрісті кеңейтуге арналған ерекше серпеліс. «Шабыт» жобасында Мұрат Әуезовпен тілдесу – ақыл мен рух үшін мейрам.

 



Қаралым: 2027
Жарияланған: 24 Қырқүйек