Жаңалықтар

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жаңа директорлары тағайындалды


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова бүгін Шымкент қаласындағы Зияткерлік мектептердің жаңа директорлары – Индира Исмаилова мен Қайырбек Буксукбаевты таныстырды.

Тағайындаулар бес NIS-те өтуде.

Балкан Қасымов Түркістан қаласындағы жаңа Зияткерлік мектептің, Қаракөз Абдрахманова – Тараз қаласындағы NIS-тің, Индира Исмаилова – Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің, Қайырбек Буксукбаев – Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің, Шырын Жумабекова – Көкшетау қаласындағы NIS-тің директоры қызметіне тағайындалды.

Балқан Маратұлы Қасымов пен Қаракөз Ізбасарқызы Абдрахманова Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде он жылдан астам уақыт жұмыс істейді, Шымкенттегі қос бірдей NIS-ті негізі қаланған күннен бастап басқарды, мектептердің қалыптасуына және олардың халықаралық аккредиттелуіне үлкен үлес қосты, басшылықты педагогикалық қызметпен және зерттеу жұмысымен сәтті ұштастырды. Бүгінде олар желілік ротация шеңберінде жаңа лауазымдарға ауыстырылды.

Индира Кунтуевна Исмаилова «Болашақ» бағдарламасы бойынша University of Warwick (Ұлыбритания) университетінде «Education Leadership and Management» мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтаған. Өскемен қаласындағы Зияткерлік мектепте ағылшын тілі мұғалімі, NIS орталық аппаратында білім беру сапасын бағалау және халықаралық аккредиттеу департаменті директорының орынбасары болып қызмет етті.

Шырын Салкеновна Жумабекова мен Қайырбек Сәбитұлы Буксукбаев үшін жаңа тағайындау – кәсіби өсудің заңды жалғасы, екеуі де бұрын Қарағанды қаласындағы Зияткерлік мектеп пен Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS директорларының орынбасарлары болып жұмыс істеді, қазақ, ағылшын және орыс тілдерін меңгерген.

 

 

 

 

 



Қаралым: 1355
Жарияланған: 02 Тамыз