Жаңалықтар

Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім


 «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім» дөңгелек үстел форматындағы екінші кездесуге мыңнан астам педагог қосылды

Жасанды интеллект білім саласына қалай әсер етеді? Оқу процесінде мұғалімнің рөлі өзгере ме? Педагог – ЖИ тандемінде ынтымақтастық қалай құрылады? Қазақстандық мұғалімдер осы және басқа да өзекті сұрақтарға отандық және шетелдік сарапшылардан жауап алды.

 

Шетелдік ғалымдар жасанды интеллекттің білім берудегі орны туралы өз ойларымен бөлісті. ЖИ дәуіріндегі болашақ және жасанды интеллект пен мұғалімнің ынтымақтастық перспективаларын Ювяскюль университеті (Финляндия) ЕduСluster тобының инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш талдады. Цифрлық денсаулық сақтау және жасанды интеллект саласындағы халықаралық серіктестік жобасының директоры Амандип Сингх Джил Швейцариядан қосылып, жаңа жағдайдағы мұғалім рөліне тоқталды.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ЖИ дәуіріндегі мұғалім үшін басым мүмкіндіктер мен перспективалар туралы айта келе, жасанды интеллект балалардың игілігі үшін жұмыс істеуі керек екенін ерекше атап өтті. Күләш Ноғатайқызы жасанды интеллекттің атқаратын қызметі мен білім беру процессіне енгізілу жайын айтып, жасанды интеллект – креатив тапсырмаларды орындай ала ма деген өзекті сұрақтарға жауап берді.

 

Басқарма төрайымының орынбасары Светлана Испусинова өз сөзін «Сіз болашақты оқытуға дайынсыз ба?» деген сауалдан бастап, жасанды интеллект дәуірінде мұғалімдерге қандай негізгі дағдылар қажет екенін талдады.

 

Дөңгелек үстелге қатысқан Зияткерлік және орта мектеп педагогтарын NIS сарапшыларының жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімдер рөлі туралы пікірлері қызықтырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектептің химия пәні мұғалімі, Қазақстандағы «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының амбассадоры, «Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының жеңімпазы Динара Бейсембаева жасанды интеллекттің педагогикалық практикада қалай қолданылатынын таныстырды. Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Венера Мусарова бүгінгі мұғалімнің өзгерістерге деген дайындық деңгейіне баға берді, ал Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов мектептен тыс және бейресми білім берудің ерекшеліктеріне тоқталды.

 

Қостанай қаласындағы мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Жахангир Ғаппаров қазіргі кезде ұстаздардың көпшілігін толғандыратын – қазіргі ақпараттық технологиялар мен дәстүрлі оқыту арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек деген сұраққа жауап берді.

 

Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері дөңгелек үстел қатысушыларына жасанды интеллект туралы маңызды материалдар тізімін ұсынды, оған жүзден астам әдебиеттер мен бейнероликтер кірді.

 

Дөңгелек үстелге қатысушылар сөзін Күләш Шәмшидинова қорытындылады:

 

– Жүз жыл бұрын әйгілі британдық шахматшы Уильям Артур Уорд былай деген: «Жай мұғалім хабарлайды. Жақсы мұғалім түсіндіреді. Керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады». Жасанды интеллект дәуірінде мұғалім тұлға болып қала береді, бірақ қарапайым және жақсы мұғалімдер үшін бұл жерде орын жоқ. Тек керемет және ұлы ұстаздар жұмыс істеуі керек.

 

«Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім» – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған NIS мерейтойлық жобасы аясында әлемдік білім берудің стратегиялық трендтері бойынша өткізілген екінші дөңгелек үстел.

 



Қаралым: 1028
Жарияланған: 29 Маусым