«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ енді оқу бағдарламасы, бағалау жүйесі мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын өздері әзірлейді. Бұған дейін Зияткерлік мектептер халықаралық стандарттарға сай оқыту бағдарламаларын Кембридж университетімен арнайы серіктестік деңгейінде дайындап келді. Осылайша NIS-тің Педагогикалық өлшеулер мен Білім беру бағдарламалары орталықтары отандық білім беру кеңістігінде екі тәуелсіз институтқа айналып отыр.
Бұған дейін серіктестік аясында дайындалған NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate халықаралық деңгейде британдық GCE AS/A-level деңгейімен қатар бағаланады.
«Кембриджбен ұзақ мерзімді жұмыс барысында біз білікті мамандарды дайындап, жинақталған тәжірибені еліміздің және шет елдердің білім салаларына енгізуде. Біздің Білім беру бағдарламалары мен Педагогикалық өлшеулер орталықтары өз бетінше халықаралық дәрежеде мойындалған оқу бағдарламалары мен бағалау құралдарын әзірлейді», – деді NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Сонымен бірге ол Кембридж университеті аккредиттеу талаптарына сәйкес NIS процестеріне аудит пен мониторинг жүргізуді жалғастыра беретіндігін атап өтті.
Кембридж білім беру серіктестігі бағдарлама жетекшісі Элисон Бролли: «NIS небәрі он жыл ішінде Кембридж сияқты біліктілікті басқарудың жоғары стандарттарына қол жеткізді. Бұл NIS басшылығының көрегендігін және бүкіл ұжымның еңбекқорлығын көрсетеді. Баршамыздың атымыздан NIS-ті осы бағытта қолдағанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті.
Айта кетейік, қазір Зияткерлік мектептердің отандық және халықаралық оқу-ағарту саласына енгізген тың жаңалықтары мен оқушылардың білім көрсеткіштерін 7 халықаралық ұйым мен 44 шетелдік жоғары оқу орны мойындайды.
Серіктестіктің жаңа кезеңі туралы толығырақ Cambridge Partnership for Education ресми сайтынан оқи аласыз: